Билік

Үш аудан орталықтарының бас жоспарларына өзгерістер енгізілді

Айыртау, Ғабит Мүсірепов пен Тимирязев аудандары орталықтарының бас жоспарлары осыдан 10 жыл бұрын жасалып бекітілген болатын. Бүгінде Саумалкөл, Новоишим мен Тимирязев елді мекендерінде халық саны артып, құрылыс қарқыны айтарлықтай өсуде. Нысан тұрғызу жұмыстары бас жоспарға сай болуы шарт. Алайда оның өзін жаңалау керек, қазіргі күні ол заман талабына сай жасалыпты.

 

Арқынжан Маметов, “ГРАДО” жобалау фирмасының директоры, Алматы қаласы:

-Бас жоспарды әзірлеу бірнеше бағыт бойынша жүргізілді. Оның біріншісі елді мекендердің демографиялық жағдайы. Сонымен қатар біз еңбек нысандары, кешенді қалақұрылысының қаншалықты құнды екендігі, қоршаған ортаны қорғау заңының сақталуына да мән бердік. Себебі құрылыс барысында су қоймалары мен өзен-көлдер, орманды алқаптардың санитарлық жағдайына нұқсан келмеуі тиіс.

 

Үш аудан орталықтарының бас жоспарын жасау жұмысы өткен жылы қолға алынған болатын. Бас жоспарға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жұмыстарын алматылық “ГРАДО” фирмасы жүргізіпті. Ол қалақұрылысы кеңесі барысында облыс әкіміне таныстырылды.

Үш елді мекеннің жаңа бас жоспарын әзірлеуге бағытталған қаражат 30 миллион теңгеге жуық.  Құжат заман талабына сай жаңарған.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Үш елді мекен де қарқынды даму үстінде. Алдағы жоспарлары да ауқымды. Бас жоспарды әзірлеу барысында “ГРАДО” фирмасы ол ерекшеліктердің бәрін есепке алған. Құжат тиісті деңгейде атқарылғандығына көз жеткіздік. Жобаны мақұлдауға толық мүмкіндік бар.

 

Аудан орталықтарының жаңартылған бас жоспарын әзірлеуде халықтың ұсынысы мен талап-тілектері де ескерусіз қалмапты. Сызбадан бүгінгі ахуал мен алдағы жоспарларды да айқын аңғаруға болады.

Саумалкөл, Новоишим мен Тимирязев елді мекендерінің жаңартылған бас жоспарлары 2030 жылға дейін деп бекітілді кеңес барысында. Оларды жүзеге асыруға қанша ақша керек, ендігі жерде оны аудан атқамінерлері есептеп, облыстық мәслихат қарауына ұсынады. Себебі қаржыландыру облыстық бюджеттен жүргізілмек.

 

Самат Есмағи