Мәдениет

Суретші Айдарбек Қалдыровтың көрмесі ашылды

 

Көрмеге суретшінің сиясы әлі кеппеген 30-дан астам таңдаулы туындысы қойылыпты. Арасында ұстазы Сергей Устиновтың еңбектеріне де орын берілген. Өйткені, Айдарбек Қалдыровтың бойындағы сурет салуға деген қабілетті дамытуға септескен осы азамат. Көзі тірісінде құрметтеген ұстазын көрме авторы қазіргі күні де дәріптеп, осы шараны соған арнап ұйымдастырған екен. Әр картинамен ұзақ сүйсініп, одан бір сырды ұғуға тырысқан суретшінің әріптестері мен келген қонақтар өз әсерлерімен бөлісті.

 

Валерий Савельев, суретші:

– Көрмеге қойылған суреттері өте тамаша. Айдарбек Қалдыров қағазға, әсіресе, табиғатты бейнелегенді ұнатады. Бояуларын сәтті үйлестіре білген.

 

Суретшінің жақындары Айдарбек Қалдыровты өнерге бала кезінен жақын болды дейді. Айдарбек Қалдыровтың бұдан басқа, ағаштан әр түрлі бұйымдарды ойып жасай алатын қабілеті де бар. Жігітке “Жеті өнер де аз” дейді суретші. Енді, ол темірді бағындырмақшы.

 

Бану Ахметова