Спорт

Сочи Олимпиадасына қатысқан конькиші Роман Кречке 2 бөлмелі пәтер беріледі

 

Шындығында, конькиші Роман Кречтің баспана мәселесі өзі тұрып жатқан аумақта үйлерді сырудан басталған. Содан спортшы фейсбуктегі парақшасына үйсіз қалатындығы жөнінде жазады. Оның баспанасы Жамбыл көшесінің бойында қалаға кіре беріс жерде орналасқан. Ал, қазір ол ауданда «Казградстрой- НС» компаниясы «Қызылжар» тұрғын үй кешенін салу үшін маңайдағы үй-жайларды сырмақшы. Солтүстікқазақстандық спортшының әлеуметтік желіге жазғаны түсініспеушілік тудырғаны рас, бірақ конькишінің отбасын ешкім далаға қуған емес дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері.

Азат Омаров, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

– Біз барлығымыз Романды мақтан тұтамыз. Жүлделі орын алмаса да, ол жақсы нәтиже көрсетті. Ал, баспана проблемасына келетін болсақ, оның отбасын сыртқа қуып жатыр деген ақпарат дұрыс емес. Ол жерде тұрғын үй кешені салынатындығы рас. Бірақ, құрылыстың қашан басталатындығы әлі белгісіз.

 

Әзірге, спортшы Петропавлға келген жоқ. Оны жерлестері құшақ жая қарсы алуға әзір. Еліне оралған кезде спортшыны қуанышты жаңалық күтуде.

 

Оксана Беспятова, «Казградстрой НС» ЖШС заңгерлік бөлімінің басшысы:

– Облыс басшылығы мен «Казградстрой-НС» компаниясы Романға «Мечта» тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтер кілтін табыстайтын болады. Оның көрсеткен табандылығы үшін осындай сый қарастырылған.

 

Бұған дейін Роман тұрған үй шын мәнісінде нағашысына тиесілі екен. Спортшының туысына да 1 бөлмелі пәтер берілмекші.

 

Мағжан Ахмадина