Бизнес және экономика

Сәуір айынан бастап шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланды

 

Бизнесті аяғынан шалатын жөн-жосықсыз тексерістер болмаса, кәсіпкерлердің тынысы да кеңиді. Елбасының мемлекеттік органдар тарапынан болатын тексерістерге мораторий жариялауын іскер азаматтар қуана қабылдады.

 

Сергей Тимофеев,«Основание» ЖШС директоры:

– Мына мораторийдің қабылдануы біздер үшін қуанышты жаңалық. Өйткені кей кездері тіпті бірі тексеру жүргізіп кетіп жатса, келесілері енді ғана қадағалау жұмыстарына кіріседі. Бұл бизнес үшін айтарлықтай кедергі келтіреді.

 

Жарияланған құжатқа сәйкес, жоспарлы тексеріс жүргізу тәжірибесі тоқтатылатын болады. Мемлекеттік органдар тексерістерді айқындаудың объективті, әлемдік стандарттарға сай жүйесін әзірлеуі тиіс. Осы жүйеге сәйкес, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап шын мәнінде тек заңнаманы бұзу ықтималдығы жоғары кәсіпкерлерге ғана тексеріс жүргізіледі. Егер кәсіпкер заңның барлық талабын орындайтын болса, тексеруші органдар оған мүлде жоламайтын болады.

 

Нелли Кукушкина, СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Жарияланған жарғыда ең алдымен рұқсат беруді автоматтандыру ісі аяқталып, оның ең кемі 140 түрі электрондық нұсқаға көшіріледі делінген. Бұған қоса құрылыс саласындағы рәсімдер де жеңілдетілуге тиіс. Бұдан өзге Үкіметке жер телімдерін беру мен пайдалану мақсатын өзгерту, сондай-ақ құрылысқа және инженерлік тораптарға қосылуға рұқсат беру рәсімдерін 50 пайызға азайту тапсырылған. Жер телімін ресімдеу мерзімі де 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап 30 күннен аспауы тиіс.

 

Мемлекет басшысының елдегі кәсіпкерлік қызметті дамытуға бағытталған түбегейлі шаралар жөніндегі Жарлығына сәйкес кәсіпкерлерге қойылатын талаптардың қатары шамамен отыз пайызға азаяды. Ол еліміздегі шағын және орта бизнестің алға басуына жағдай жасайтын болады.

 

Мағжан Ахмадина