Өнеркәсіп

Құбыр зауыты екі ауысымда жұмыс істеуде

 

Диаметрі 1 метр 20 см құрыш құбырдың бастапқы қалпы осындай. Ол енді негізгі 3 кезеңнен өтеді. Бірінші толығымен кептіріліп, тазартылады. Кейін мына электр индуктор құрылғысында 220 градуста қыздырылады. Соңында ұсталар коррозиядан қорғау және жылуды өткізбейтіндей етіп темірге диаметрі 820 мм болатын желім, полиэтилен, (көк ұнтақ) эпоксидті грунт қабаттарымен қаптайды. Аталған 3 қабат темірді таттанудан сақтап, оған 30 жылға шыдас беретін қасиет дарытады. Кейін дайын өнім сараптамадан өткізіледі. Жарамаса, сол үрдістен қайта өтеді. Зауыт жұмысшылары ең алдымен ішкі нарықтағы қажеттілікті қанағаттандыруға тырысады. Ең ірі көлемдегі сұраныс “КазМұнайгаз” бен “Казтрансгаз Алматы” ұлттық компанияларынан түскен. Өйткені, ол бүгінде Алматы қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысын үздіксіз газбен қамтамасыз етіп отыр.

Жарқын Жакупов екі цехта толық қуатында жұмыс істеп тұрған Германия мен Америкадан келген қондырғылардың жайын жақсы білетін шеберлердің бірі. Сондықтан, оған аяқ астынан сыр беріп қалатын техниканың ақауларын дер кезінде анықтап, оны жөндеу міндеті жүктелген. 5 жыл еңбек өтілі бар жұмысшыға бұл аса қиындық тудырмайды.

 

Жарқын Жакупов, «Петропавл құбыр зауыты» ЖШС ұстасы:

-Басында оператор болып бастағам. Қазір енді мастермін. Негізі жұмысымыз бізде 8 сағаттық, бірақ қазір сұраныстың ұлғаюына байланысты 24 сағаттық жұмысқа көштік. Қазір екі желі жүріп тұр. Құбырлардың барлығын полиэтиленмен қаптап жатырмыз. Диаметрі 108-820 метр құбырлар жер астында көп жыл шыдас береді.

 

Зауытта қазiр 100-ге жуық адам екі ауысым бойынша еңбек етедi. Орташа айлық жалақылары 114 мың теңгені құрайды. Өндіріске 11 жоғары білімді жас маман келген. Барлығына жауапкершілікті қажет ететін іс тапсырылған. Гүлназия Әбілеваның мұнда істегеніне жарты жыл да толмаған. Дегенмен ол сапа бөлімінде бақылаушы қызметін атқарады. Біткен іске сыншы көп, дегендей соңғы штрихты оған өзіне салуға, бір ауысымда 50-ден аса трубаның жарамдылығына жауап беруге тура келеді.

 

Гүлназия Әбілева, «Петропавл құбыр зауыты» ЖШС сапа бөлімінің бақылаушысы:

-Мен бала кезімнен өз ортамда техникалық мамандық алған қыздардың ойлау қабілеті мен логикасы жақсы жетіледі деп естіп жүргенмін. Содан болар маған инженерия саласы өте қызық. Өндірістегі маған тиесілі жұмысым жаныма жақын. Келешекте осында жемісті еңбек етіп, басшы лауазымына дейін көтерілгім келеді.)

 

«Петропавл құбыр зауыты» ЖШС  2007 жылдан бірі су, газ, мұнай салаларына қажетті құрыш құбырлар шығарумен айналдысады. Оны құрылыста және тұрмыста қолдануға да болады. Қазақстан мен ТМД елдері нарығында сұранысқа ие сапасы сын көтеретін өнім екі түрлі конструкциямен өңделеді. «Петропавл құбыр зауыты» ЖШС-нің өнімін газ құбырларын тартуға еліміздің оңтүстік пен батыс аймағы және көршілес Ресей мемлекеті көбіне тұтынады. Мәселен, өткен жылы Ресей 3 млн. АҚШ долларына тапсырыс берген. Оны жергілікті кәсіпорын биыл наурыз айына дейін бітірмек.

 

Евгений Исмагулов, «Петропавл құбыр зауыты» ЖШС коммерциялық директоры:

-Қазіргі таңда өндіріс орны қарқынды дамып келе жатыр. Біз қазір сұранысты арттыру үшін сапасы жоғары құбырларды жетілдіріп жатырмыз. Соның бірі – полиуританды жылуды өткізбейтін изоляция қабаты. Ол 70 жылға шыдас береді. Әзірге аталған өнімді ел бойынша біз ғана өндіре аламыз.

 

Зауыт басшылығы кем дегенде алдағы 3 жылға ауқымды жоспар құрған екен. Оның алғашқысы үстіміздегі жылы экспорт көлемін 6 млн. АҚШ долларына дейін жеткізу. Одан кейін ел бойынша “Ақ бұлақ” бағдарламасын жүзеге асыруға қатысып, Астанаға газ құбырларын төсеуге тендерді ұтып алу, 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесіне қатысуды мақсат етіп отыр.

 

Берік Қасен