Қоғам

Петерфельдтік кәсіпкер 8 Наурыз мерекесі қарсаңында 20 мың қызғалдақ өсірді

Мағжан Ахмадина,тілші:

-Мына қызғалдақтар Голландиядан әкелінген емес, өзімізде өсірілген. Қыркүйек айында егілген гүлдер, Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында жайқалып шықты. Енді жыл сайын мейрам қарсаңында өңірімізде шығарылған өнім солтүстікқазақстандық нәзікжандылардың көз қуанышына айналмақ.

 

Ағайынды Алиевтер аймағымызда өсімдік шаруашылығымен айналысуды осыдан 5 жыл бұрын бастаған. Бұған дейін гүлдерден раушан, хризантема  еккен. Ал биыл алғаш рет қызғалдақ өсіруді қолға алыпты.

 

Аспандияр Алиев, «Алиев» ЖК директоры:

-8  наурыз мерекесі қарсаңында бұрын біз көптеп өзге жақтан қызғалдақ әкелетінбіз. Былтыр күзде белді бекем буып, өзіміз де осы істі қолға алдық. Осылай жасаған тиімдірек болып отыр. Оның үстіне бұлардың сапасы да жақсы. Шетелден әкелінетін гүлдерден қарағанда сабағы ұзынырақ. Әрі ұзақ уақыт семіп қалмай тұрады.

 

Голландиядан әкелінген 20 мың қызғалдақ баданасы күзде егіліпті, ал желтоқсан айында гүлдер қылтиып шыға бастаған. Содан бері жылу мен жарық сүйгіш өсімдік кәсіпкерлердің үнемі бақылауында. Жылыжайда екі қолға бір күрек табамын дегендерге жұмыс жетерлік. Күтімді ерекше қажет ететін бұл гүлдер күніне 2-3 реттен суарылады. Әзірге осы су мәселесі кәсіпкерді тығырыққа тіреуде. Дегенмен аудан басшылығы бизнесменге қолдау көрсетуге даяр.

 

Азамат Омаров, Қызылжар аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы:

– Аудан басшылығы кәсіпкердің ісін дамытуға, яғни сумен жабдықтау мәселесін шешіп беруге көмектеседі.Бұдан бөлек жылыжай шаруашылыған алға бастау үшін қосымша жер телімін қарастыру да жоспарланып отыр.

 

Хош иісі мұрынды жаратын мына гүлдер қала дүкендері мен көршілес облыстарда саудаланатын болады. Жалпы кәсіпкердің 4 жылыжайы бар. Қызғалдақтардан кейін Аспандияр Алиев бірден раушан гүлдері мен қияр, қызанақ өсіруді жоспарлап отыр.

Мағжан Ахмадина