ТКШ

Жүйедегі жылудың 30 пайызы үйлерге жетпейді

“Энергия үнемдеу-2020” бағдарламасын құрудағы басты мақсат – энергияны қолдану көлемін азайтып,  тың технологиялар мен ұтымды басқарудың арқасында қуатты арттыру. Осылайша, алдағы екі жылдың ішінде энергетикалық ресурстарды пайдалануды он пайызға, ал 2020 жылға қарай бұл көрсеткішті тағы да 25 пайызға азайту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, тұрғын үй секторындағы электр қуатын пайдалану мен жылуды да біршама азайту көзделген. Мұның бірнеше жолы бар. ТКШ және құрылыс ұлттық палатасының басқарма төрағасы Төлеутай Рахимбеков “энерготиімділік” деген мәселені шешудің 80 пайызы осы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласымен байланысты, сол себепті, бұл бағыттағы ауқымды жұмыстарды баспана мен жылу желілерінен бастау керек деді.

 

Төлеутай Рахимбеков, ТКШ және құрылыс ұлттық палатасының басқарма төрағасы:

-Мамандардың бағалауы бойынша, біздің еліміздегі үйлерге келетін жылудың 30 пайызы дұрыс іске жаратылмайды. Бұл желілердегі шығынды қоспағанның өзінде. Соның бәріне тұтынушылар төлейді. Мәселен, Балтық теңізі жағалауындағы елдердегі тариф біздікіне қарағанда 4 есеге артық. Бірақ, әрбір шаршы метрге шаққанда адамдар үнемділіктің арқасында екі есе төмен төлейді.

 

Бүгінде Петропавлда 1036 көппәтерлі үй бар. Соның 822-нде пәтер иелері кооперативтері жұмыс істейді. Жиында бұл ұйымның жұмысын жетілдіру мәселесі қызу пікірталас тудырды. Кездесуге келген ұйымдардың төрағалары аталған салада қордаланып қалған мәселелер мен ұсыныстарын алға тартты.

 

Нина Клишина, “Мейрам” ПИК төрайымы:

-Менің осы салада жұмыс істеп жатқаныма 17 жыл. Мәселен, бұрындары үйді басқарудың басқа әдісі болған кезде олар бір орталықтан қаржыландырылды. Ол уақытта ғимараттардың көбі иесіз қалды. Ал, қазір әрбір баспананың тұрғындары өздері үшін жеке жинайды. Кооперативтерді біріктірген жағдайдың өзінде ешкім басқа біреу үшін өз ақшасын бермейді. Сол себепті, менің ойымша, әрбір үйде өзінің басқару ұйымы болы керек.

Пәтер иелері кооперативтері төрағаларының айтуынша, аталған салаға білікті мамандар жетіспейді. Өйткені, заман ағымына сай құрылғылар үздіксіз жетілдірілуде, ал оларды жөндеп, қызмет көрсететін техникалық мамандардың біліктілігі сол қалпында қалып отырған көрінеді. Осы орайда, ТКШ және құрылыс палатасы мен әкімдік өкілдері жергілікті жерде 2 апталық курстар ұйымдастыруға келісті. Сондай-ақ, аталған салаға қатысты мәселелердің қордаланып қалғаны соншалық, кооператив төрағалары бұл туралы тағы да бір кездесіп, егжей-тегжейлі талқылау керек деді.

 

Данаш Хамзина