Қоғам

Ойыққа түсуден қорықпайтындар қатары көбейіп келеді

 

Қыстың күні ашық аспан астында Есіл өзенін ойып суық суға түсу жыл сайын ақпан айында жүргізіледі. Бұл шараны өңірдегі “Денсаулық” табиғи сауықтыру клубы ұйымдастырады. Күннің ызғарына қарамастан, тастай суық суға бір сүңгіп алуға жиналғандардың қатары аз болған жоқ. Дей тұрғанмен мұндайға кез келген адамның батылы жете бермейді. Ызғарлы желге қарамастан суық суға 10 солтүстікқазақстандық түсіп шықты. Солардың арасында Евгений Душенко да болды.

 

Евгений Душенко:

– Суық суға түсіп жүргеніме 4 жыл болды. Бастапқыда қатты тоңатынмын. Қазір үйреніп қалдым. Суық суға сүңгіп шыққандағы алған әсерімді сөзбен жеткізу қиын. Бұл әрі денсаулығыма да пайдасын тигізіп жүр.

 

Суық суға түсіп шыққандар сүртініп, ыстық шай ішті. Жалпы, “Өзіңе жол” акциясы облыста 10 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Ұйымдастырушылар жыл санап салауатты өмір салтына бет бұрған жерлестеріміздің қатары артып келеді дейді. Оған қыстың ызғарына қарамастан өзен жағасына адамдардың көптеп шоғырлануы себеп.

 

Анатолий Фурманюк, «Денсаулық» клубының жетекшісі:

– Қыстың күні суық суға түсуді біз алғаш рет 2004 жылы өткіздік. Содан бері шараға қатысуға ниет білдірушілердің қатары артуда. Мұздай суға түсуге ниеттілермен ең алдымен әңгімелесіп, денені суық суға қалай бейімдеу керектігін айтамыз.

 

Бұл шара қауіпсіз өтуі үшін оның барысын медицина қызметкерлері мен суда құтқарушылар қадағалады.

 

Бану Ахметова