Балалар

Солтүстікқазақстандық жастар “Мәңгілік ел” патриоттық актісіне үн қосты

 

2050 жылға межеленген ұзақмерзімді стратегияны жастар іске асырады. Сондықтан, кейінгі буынға Елбасы үлкен үміт артып отыр. Алайда, “Қазақстан-2050” жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Данат Жұминді бір мәселе алаңдатады. Ол – жастардың білім алып, жұмыспен қамтылуына зор қолдау көрсетіліп жатқанына қарамастан, кейбіреуінің шетелде қалып жатқандығы.

 

Данат Жұмин, “Қазақстан-2050” жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы:

-Қазір шетелде демографиялық ахуал тұрақсыз болып кеткен. Сондықтан, олар қазір өзге елдің азаматтарын жақсы жұмыс орынымен қамтамасыз етеміз деп өз елдеріне шақырып жатыр. Бұл жағдайды қазірден бастап қолға алмасақ, ертең бізді 2020-шы, 30-шы жылдары не күтіп тұрғанын болжау қиын. Керісінше, сіздер демографиялық хал-ахуалы төмен Қазақстаннның жағдайын бірінші кезекте ойлау керексіздер.

 

Бүгінгі жастардың бойындағы потенциал зор дейді Данат Жұмин. Соны дұрыс бағытта жұмсай білуі керек. Өзіне сенімді азаматтың келешекте еліне де пайдасы тиеді. Астаналық жастар жергілікті студенттерге өмірде жас болса да айтарлықтай табысқа жеткен тұлғаларды мысал ретінде келтірді.

 

Данат Жұмин, “Қазақстан-2050” жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы:

-Мен кезінде бар өмірін күреске арнаған спортшы жігітті танимын. Ол қазір бар ынта-ықыласын білім мен ғылым арнасына бұрған. Оны қазір бала кезден құлын-тайдай тебісіп өскен достары да танымай қалған. Кезінде жолдастары оның жоғары оқу орнына түсе алатындығына күмәнданған екен. Жігіт спорттың арқасында иеленген төзімділік, талпыныс, күш-қайраттың көмегімен қазір ел дамуына сүбелі үлесін қосып жүр.

 

“Еңбек етсең, емерсің”. Мәселен, “Қазақстан-2050” қозғалыс кеңесінің төрағасы Данат Жұминнің өзі де кезінде талпыныстың арқасында арманына қол жеткізіпті. Ол бүгінде бір емес, бірнеше бизнестің тізгінін ұстаған. Елордалық белсенді жастардың әңгімесін ұйып тыңдаған солтүстікқазақстандықтар жиынның мазмұнды өтіп жатқанын алға тартты.

 

Динара Мақсұтова, “СҚО Студенттер Альянсы” ЖҚБ төрайымы:

– Бұл Патриоттық акт барлық қазақстандықтардың басын бір шаңырақ астына біріктіреді. Сондықтан оған әр азамат өз пікірін қосу керек деп ойлаймын.

 

Бүгінде бұл жиында біраз тақырыптың басы тарқатылды. Облыстық жастар ұйымдарының көшбасшылары “Қазақстан-2050” қозғалысы кеңесінің өкілдеріне елдегі қазба байлықтың қорын және оны сақтау, шағын және орта бизнесті дамыту және нарықтағы бағаның қымбаттылығы жайлы сауалдарын қойды.

 

Берік Қасен