Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдік отырысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды

 

Өткен жылдың 9 айында өңіріміздегі жалпы ішкі өнім көлемі 11,3 пайызға артып, 517,2 миллиард теңгені құрады. Жан басына шаққандағы шығарылған тауар мен көрсетілген қызмет түрі 894,6 мың теңгенің шамасында. Осылайша біз республика бойынша 1 және 3 орындарды алып отырмыз деп атап көрсетті өз хабарламасында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының жетекшісі.

 

Айгүл Хасенова, СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы:

-Өнеркәсіп кәсіпорындарының шығарған тауарлары 152 миллиард теңгені құрайды. Ол 2012 жылдың көрсеткішінен 5,1 пайызға жоғары. Өңдеу кәсіпорындарының қарқыны 8, тамақ өнімдерін шығару 8,4 пайызға артып 67,6 миллиард теңгеге жетті. Десек те шұжық өнімдері – 2,2, ұн – 19,1, сұйықмай өндіру 27,1 пайызға төмендеді.

 

Алайда бұл бағыттағы жұмыстар бірқатар ауданда төмендеп кетіпті. Осы ретте Есіл, Жамбыл, Ақжар, Тайынша аудандары көш бастап тұр. Олардағы өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі облысымыздағы орташа көрсеткіштен де төмен.

Өзге салаларда да кертартпалық бар. Жағдайды бақылаудан шығарып алған атқамінерлер өңір басшысының сынына ілікті.

Күн тәртібінде қаралған бірінші мәселені қорытындылаған өңір басшысы былтырғы олқылықтарға биыл жол берілмеуі керектігін қадап айтты. “Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасы былтырғы жылы жоспарға сай орындалған. Соның арқасында 4 мыңға жуық жерлестеріміз еңбекпен қамтылды.

Елдегі кедейшілік деңгейін төмендетіп, жұмыссыздықтың өсуін тоқтату Ұлт көшбасшысының міндеттемесі. Оның тиісті деңгейде орындалуына бірінші кезекте әкімқаралар жауапты. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы да келіп жетті. Бұл кезде күн күрт жылынып, елді мекендерді су басу қаупі артады. Оған төтенше жағдайлар департаментінің дайындығы қаншалықты. Ол жайында жиынға қатысушыларды аталмыш ведомство басшысы құлағдар етті.

 

Павел Филлипов,СҚО ТЖД жетекішісі:

-Көктемгі қар суы өңіріміздегі 1 мың шаршы шақырым жерді басады деген қауіп бар. Онда 8 мыңнан астам халқы бар 38 елді мекен орналасқан. Сондай-ақ қызыл су 302 шақырым автокөлік және 20 шақырым темір жолдың үстінен өтуі мүмкін. Есіл өзені арнасынан шықса, маңындағы 22 ауыл су астында қалуы ықтимал. Төтенше жағдайдың алдын алуға толық дайындық бар. Аудан басшылары да осы жайттарды қатаң бақылауда ұстаулары қажет.

 

Өңіріміздегі су қоймалырының ішіндегі қауіп тудыратыны Ғабит Мүсірепов ауданындағы Шарық гидроторабы. Оның тозығы жеткен. Аудан әкімі қар еріген тұста ол жерде тәулік бойына күзет қойылатындығын тілге тиек етті. Өткен жылы қар суынан облыс орталығы да зардап шеккен болатын. Оның алдын алу тұрғысында бүгінге дейін қала көшелерінен 300 мың текше метрден астам қар сыртқа шығарылды. Оның бәрі сақтық шаралары үшін қажет.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Аудан және қала әкімдеріне су тасқынының алдын алу тұрғысында жасақталған мобильдік топтарды қажетті инерттік материалдармен толық қамтамасыз етуді тапсырамын. Төтенше жағдайлардың алдын алу тұрғысында қосымша қаражат мөлшерін де қарастыруларыңыз шарт. Еш олқылық болмауы тиіс.

 

Күн тәртібінде қаралған соңғы мәселе ғаламтордағы әкімдердің виртуалдық қабылдауына қатысты болды. Өткен жылы облыс әкімі аппаратына өңір тұрғындарынан түрлі мәселелер жайлы 762 өтініш түскен.

 

Владимир Дудов, СҚО әкімі аппаратының жетекшісі:

-Облыс әкімінің виртуалдық қабылдауына былтыр 501 өтініш түссе, жыл басынан олардың саны 82 жетті. Қазіргі күні оның 55-і орындалса, 27-сі бойынша жұмыстар атқарылуда. Өтініштердің денін Петропавл мен Қызылжар ауданының тұрғындары жолдаған.

 

Бүгінгі күні виртуалдық қабылдау тек әкімдер ғана емес сонымен қатар барлық департаменттер мен ведомстволар басшыларында бар. Алайда оларға тұрғындардан жолданған сауалдар аз.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Ол халықтың билік басындағыларға сенімінің жоқ екендігін білдіреді. Сондықтан олар талап- тілектерін облыс әкіміне жолдауға мәжбүр. Бұдан былай кім де кім виртуалдық қабылдауына түскен сауалға жауап қайтармайтын болса, онда ол басшыға шара қолданатын боламыз. Тіпті жұмыстан шығып қалуларыңыз да мүмкін. Сіздер халық үшін еңбек етулеріңіз керек.

 

Өткен жылы Ақжар ауданы әкімінің виртуалдық қабылдауына бір де бір өтініш түспеген. Бірақ солтүстікқазақстандықтар тарапынан Президент әкімшілігіне жолданған 112 сауалдың 22-ін ақжарлықтар жолдапты. Оны қалай түсінеміз сонда.

Виртуалдық қабылдауға тұрғындардан түсетін өтініштер аз емес, алайда сауал иесіне нақты жауап қайтарылмайды екен. Самат Ескендіров халықтың мұң-мұқтажы ескерусіз қалмауы керектігіне тоқталып, жеке блог жұмыстарын тиісті деңгейде атқарып отыратын мобильдік топтар құру керектігін атап көрсетті. Оған мүмкіндігі шектеулі азаматтар тартылмақ. Мүгедектерге қолдау көрсету Елбасының міндеттемесі.

 

 

Самат Есмағи