Қоғам

Мүгедектерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі

 

Берік Байжанов М.Қозыбаев атындағы СҚМУ музыка-педагогикалық факультетін өткен жылы тәмамдаған. Бірақ мамандығына ылайықты жұмыс таппаған. І топтағы мүгедек бірнеше музыкалық аспатарда ойнай алады екен. Жәрмеңкеде азамат қалалық мәдениет үйіне орналасты. Беріктің қуанышында шек болмады.

Екі қолға бір күрек табамын деген үмітін ІІ топтағы мүгедек Ерік Сүлейменов те арқалап келген. 58 жастағы мүмкіндігі шектеулі жанның орташа білімі бар. Мамандығы есепші. Ал, бұл саладағы еңбек өтілі 15 жыл. Бірақ, Ерік Сүлейменов  тағы осынша жыл бойы жұмыссыз отырыпты. Қызметке орналасу үшін талай рет талпынған екен.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне екі қолына бір күрек іздеп келген мүмкіндігі шектеулі жандардың қатары қалың болды. Тіпті мына залда ине шаншар жер болмады. Бәрі қоғамнан алыс қалмай, тұрақты еңбекпен қамтылсам деген ойда. Ал, мүмкіндігі шектеулі жандарға қаламыздағы 24 кәсіпорын 100 бос жұмыс орынын ұсынды. Солардың арасында зағиптар қоғамы да бар. Олар бүгін мүгедектердің 3-еуін жұмысқа қабылдамақ.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі қаламызда алғаш рет өткізілді. Ұйымдастырушылар осы шарада мүгедектердің 30 пайызы жұмыспен қамтылса деген ниетт.

Облыс орталығында 9768 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижесінде тек 200-ден астамы ғана жұмысқа орналасуға ниетті екендіктерін білдірген.

 

Бану Ахметова