Қоғам

Мамыр айына дейін коммуналдық қызметтер бағасы өзгермейді

 

Өткен жылы табиғи монополияларды реттеу агенттігінің облыстық департаменті есепке алу құрылғыларын орнату, тарифтік саясатты реттеу жұмыстары бойынша көптеген істер атқарған. Былтыр өңірдегі монополист кәсіпорындар тарифтерді көтеру бойынша 25 өтінім жасапты. Департамент қызметкерлері барлық арыздарды сараптап, жауап берген.

 

Марат Мұстафин, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО бойынша департаментінің директоры:

– Оның 8-і жаңадан қабылданған, 16-сы қайта қаралған тарифтер болды. Республикадан берілген коридорға кірдік. Жалпы тарифтерді қарастыруда Елбасы айтқан ашықтық саясаты қолданылады.

 

Қазіргі уақытта Петропавлда тұтынушылардың 90 пайыздан артығы суды есепке алу құралдарымен қамтылған. Ал жылу энергиясы бойынша бұл көрсеткіш 35 пайызға жуық.

 

Марат Мұстафин, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО бойынша департаментінің директоры:

-Бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасын табады. Есепке алу құрылғыларын орнатқан жандар 4 айдың ішінде айтарлықтай үнемдеген. Оны қазіргі уақытта жақсы көруге болады.

 

Өкілетті орган қызметкерлері монополия субъектілерін қадағалау шараларын да жүйелі түрде жүргізіп отырады. 7 тексеріс нәтижесінде заңнаманы сақтамаған кәсіпорындарға 30 ескерту жасалып, 9 әкімшілік іс қозғалған. Табиғи монополияларды реттеу агентігінің СҚО бойынша департаменті қазіргі күні энергия үнемдеу жұмыстары бойынша да шараларды қолға алған. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, бұл іске қазіргі күні тиісті мекемелер де қосылған.

 

Анатолий Мишин, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО бойынша департаменті сараптамалық комиссиясының мүшесі, Петропавл қаласы әкімінің кеңесшісі:

-Энергия үнемдеу дегеніміз жарық, жылу тіпті суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Ең алдымен ол тұтынушыларға қаржыны көп жұмсамай, сапалы ресурстарды тұтынуға жол ашады. Оның үстіне экологияны жақсартуға септеседі.

 

Жалпы ведомство өкілдері былтыр атқарған жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, биыл негізсіз тарифтердің көтерілуіне жол бермейтіндіктерін жеткізді.

 

Мағжан Ахмадина