Билік

Жеңіс мерекесінің 70 жылдығы қарсаңында Жеңіс саябағы одан әрі абаттандырылады

Уақыт деген зымырап өтіп жатыр. Көзді ашып жұмғанша ҰОС аяқталғанына 70 жыл толады. Атаулы мереке жақындаған сайын бұл сауал ардагерлерді мазалауда. Сондықтан болар өткен аптада өңір жетекшісі Самат Ескендіровтің халық алдындағы есептік кездесуінде аға толқын осы туралы сауал жолдаған болатын.

 

Құдайберген Қалиев,еңбек ардагері:

-Келесі жылы ҰОС аяқталғанына 70 жыл толады. Осы күнге орай мемлекет тарапынан түрлі іс-шаралар өткізіледі. Сондықтиан өңірімізде атқарылатын істерді өзіңіз қадағалауға алсаңыз деген ардагерлердің өтініші бар.

 

Осы мәселеге орай, аймақ басшысы бүгін аға буын өкілдерімен кездесті. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Григорий Кухарь облыс әкіміне Жеңіс саябағында қолға алынған қалыпқа келтіру жұмыстарын жалғастырып, Кеңес Одағы батырларының аллеясын жасаса деген тілегін білдірді.

 

Григорий Кухарь,Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

-Ұлы Жеңістің 65 жылдығын өткізгеннен кейін онда ешқандай жұмыстар жасалған жоқ. Енді сол жерде Кеңес батырларының аллеясы тұрғызылса деген өтініш бар. Қазір бұл мақсатқа жер бөлінген. Бізде 55 батыр бар. Бүгіндері олар жайлы толық ақпарат жиналған.

 

Қазіргі таңда өңірімізде 355 ҰОС ардагері бар. Олардың 190-ы облыс орталығында тұрса, қалғандары аудандарда тұрмыс кешуде. Аға буын өкілдерінің әлеуметтік жағдайы, медициналық қызметпен қамту және баспана мәселесі кездесу барысында көтерілді.

 

Самат Ескендіров,СҚО әкімі:

– Біз қазірдің өзінде әлеуметтік қолдау көрсетуге қатысты іс-шаралар легі мен оған кететін бюджет қаржысын жоспарлап қоюымыз керек. Осы орайда ардагерлер кеңесі қандай ұсыныс жасайды?Әрине төлемдер жүргізіледі. Бұдан өзге пәтер мәселесі, тағы өзекті сауалдар бар ма? Жалпы бұл бағыттағы жұмыстар легі әлі де талқыланады.

 

Бұдан өзге 2015 жылдың басында ҰОС ардагерлерінің баспаналарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 34 млн теңге қаржы бөлінбек.

 

Мағжан Ахмадина