Қоғам

Солтүстікқазақстандықтарды сапалы ауыз сумен қамтуға биыл 3 млрд теңге қаржы қарастырылған

 

Осы күні 2011 жылы басталған Булаев топтық су құбыры құрылысының 3 кезеңі тәмамдалды. Алда тағы 3 кезеңі бар екен. Нәтижесінде оған Тайынша, Ақжар аудандарының елді мекендері қосылады. Аталған жұмыстар 2015 жылға дейін жоспарланыпты. Мұнымен қоса М. Жұмабаев, Қызылжар, Аққайың ауданы бойынша топтық су құбырын салу жұмыстары бітуге таяп қалыпты. Қазіргі таңда құбыр тарту жұмыстары Соколовкада да жүргізілуде. Бүгінде аталған елді мекен бойынша 98,5 шақырым су желісі төселген, яғни жұмыстың 70 пайызы орындалды. Бұл торапқа барлығы 17 елді мекен кіреді. Оның ішінде жылдап су алмаған Гайдуково, Вишневка, Вознесенка, Вагулино сияқты ауыл тұрғындарының қолы тіршілік көзіне жетеді.

 

Серік Ысмайылов, «Қазсушар» ШЖҚ РМК «Есіл су» филиалының директоры:

– Биыл Соколов топтық су құбырлары біту керек. Қазір 1 млрд. 668 млн. теңгенің жұмыс қалды. Одан кейін наурыз айында Пресновка топтық су құбырын салуға кірісеміз. Ол жұмыстар 3 жылға яғни, 2016 жылға дейін бітіуі керек. Оған 37 елді мекен қосылады. Оның ішінде Мамлют, Жамбыл, Есіл ауданы аумағындағы ауылдар қосылады.

 

“Келісіп пішкен тон келте болмас”. Әсіресе шалғайдағы ауылдарға су құбырын тартқанда оған бөлінген қыруар қаржыны артық шығынсыз игеру маңызды. Бұл үшін “Есіл су” мекемесінің басшылығы аудан әкімдерімен тығыз жұмыс жасайды. Соңғы кезде округ пен аудан әкімдерінің есебінде қозғалып жүрген ауыз-су мәселесіне сушылар да мән беріп, сын-ескертпелерді назарсыз қалдырмайды.

 

Серік Ысмайылов, «Қазсушар» ШЖҚ РМК «Есіл су» филиалының директоры:

-Мысалы, Аққайың ауданында ірі Дайындық дейтін елді  мекен бар. Ондағы тұрғындар өзгелерінен көрі көбірек су тапшылығын сезініп отыр. Сондықтан аудан әкімі оларды сумен бірінші кезекте қамтамасыз ету керек деп ұсыныс айтты. Сол мәселені биылдан қалдырмай шешеміз деп отырмыз. Жалпы халықтың мұң-мұқтажын тездетіп шешуге аудан әкімдері үлес қосып жатыр. Мысалы, 4-5 жанұя тұратын ауылдар, не жаңадан көркейіп келе жатқан елді мекен тұрғындары болсын бәрінің сын-ескертпелерін қабылдап жатырмыз. Соны Астанадағы “Ақ бұлақ” бағдарламасына қаржы бөліп, оны қадағалап жатқан су ресурстары комитетіне жеткізіп, кейбір жеріне өзгерістерді енгіздіріп жатырмыз.

 

Таза ауыз су – адам денсаулығының басты кепілі. Сондықтан ауыл тұрғындарына сапалы тіршілік көзі неғұрлым тез жетсе, соғұрлым олар үшін жақсы болады.

 

Серік Ысмайылов, «Қазсушар» ШЖҚ РМК «Есіл су» филиалының директоры

-Көп жылдан бері Мамлют, Жамбыл, Тимиряз, Шал ақын аудандарының тұрғындары адамның денсаулығына өте қатты әсер ететін күші бар “Родон” қосымы суды ішіп келеді. Сол себепті бұл мәселені тез арада шешпекшіміз.

 

Биыл “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша су құбырларын тартуға 3 млрд, теңге шамасында қаржы қарастырылған.

 

Берік Қасен