Спорт

Шағын футбол турнирінің жүлде қоры қайырымдылық ісіне жұмсалады

 

Бір апта бойы 16 құрама шағын футболдан мықтыны анықтасты. Міне, сыннан сүрінбегендер ақтық додада кездесіп отыр. Қазір “Авангард” пен “Әділет” құрамалары 1-2 орынға таласуда. Аталған командалар әуесқой спортшылардан жасақталған. Сөйтіп, ойынның екінші кезеңі “Әділетке” жеңіс әкелді. Есеп 4/1. Айта керек бұл команда былтырғы жылы үздік үштікке енген болатын.

 

Болат Бәйкенов, «Әділет» командасының капитаны:

– Жеңіске жеткенімізге қуаныштымын. Біздің командаға 15 жыл болды. Бұрын шағын футболды әкелеріміз ойнайтын. Енді, әке жолын қуып, құрамамыздың атын асқақтатып жүрміз.

 

«Авангард» екінші орынға тұрақтаса, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті қызметкерлерінен жасақталған команда үздік үштіктікті тұйықтады. Сонымен қатар жарыста мықты ойыншылар бірқатар аталымдар бойынша марапатталды. Үздік қақпашы  Евгений Будиньков атанды. Ол «Авангард» құрамасының намысын қорғаған-ды. Қатарынан бірнеше голды қақпаға дарытқан Қанат Әбенов “Үздік бомбардир” деп танылды. Ал, қазылар үздік ойыншы атағын Александр Черебановқа берді.

Шағын футбол бойынша облыстық және қалалық чемпионаттың жүлде қоры -195 мың теңге жас спортшыларды қолдау қорына берілді. Ол әуе кемесінде апат болған Қайсар Малғаждаровты  еске алу құрметіне құрылған болатын.

Шағын футболдан өткен чемпионат осымен 12-ші рет қатарынан ұйымдастырылды.

 

Бану Ахметова