Құқық қорғау органдары

“Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік” акциясы

 

Ең алдымен тәртіп сақшылары ювеналдық полиция бөлімшесімен бірлесіп қазақ мектеп-гимназиясында 100-ден аса оқушының басын біріктіріп шағын футболдан жарыс өткізді. Оған қалалық білім ошақтарынан 10 оқушыдан қатысты. Сондай-ақ кең көлемді шарадан жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар да шет қалмады. Ойын қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған құрамаларға грамота мен басты жүлде – кубок салтанатты түрде табысталды.

 

Динара Мұғжанова, СҚО ІІД ӘПБ ювеналдық полиция бөлімінің басшысы:

-Шараның мақсаты: кәмелетке толмағандар арасында заңбұзушылықтың алдын алу. Және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру.

 

“Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік” атты 2 күндік кең көлемді іс-шараға “Арлан” арнайы мақсаттағы бөлімшесі шақыртылған екен. Жедел уәкілдер жиналғандарға барынша әсер қалдыру үшін қол күрестірудің бірнеше тәсілдерін, киім-кешек және отрядтың арнайы құралдарын назарға ұсынды. Ұл балалар өздеріне оқ өткізбейтін жейделер мен каскаларды киіп көрді. Ал, қыздарға да минаны залалсыздандыратын роботты қашықтықтан басқаруға рұқсат берілді.

Сондай-ақ, жасөспірімдер ІІД мұражайын аралап, қоғамдық тәртіп күзетінде қызмет атқарған аға толқынның өмір жолдарымен, облыс полициясының тарихымен танысып, мол әсер алды. Мұнда тәртіп сақшылары өткен ғасырдың орта тұсында пайдаланған көне байланыс құралдары сақталған. Жеткіншектер ІІД Жедел басқару орталығына барып, ІІД техникалық мүмкіндіктерін көрді. Ұлдар жағын, әсіресе, онлайн режимінде экранға түскен бейне жазбалардың автоматты түрде сақталатындығы қызықтырса, қыздар тергеушілердің жұмысына қатысты сұрақтарын қойып, жауап алды.

Аталмыш шара келесі күні де жалғасын табады. Тәртіп сақшылары оқушыларға кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығын көрсетпек.

 

Берік Қасен  СҚО ІІД баспасөз қызметінің көмегімен әзірледі