Балалар

“Қариялар мектебінің” тұсаукесері

 

Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап облыста “Қариялар мектебі” жұмысын бастамақ. Мұндай тәрбиелік институтты біздің өңірдің қарттары республикада бірінші болып қолға алып отыр. Облыстық ақсақалдар алқасының жанынан ашылатын қариялар мектебі әдістемелік және тәрбиелік бағытта жұмыс істемек. Оған өңіріміздің ақасақалдар алқасының мүшелері басшылық етпек. Қариялар мектебінің бағдарламасы “Қыз – елдің көркі”, “Ел намысы – ер намысы”, “Тіл тағдыры – ұрпақ тағдыры”, “Ислам және біз” сияқты тағы да басқа тақырыпты қамтитын болады.

Ардагер ұстаз Әлия Малдыбаева көпті көрген қариялар тәжірибесі жастар үшін ауадай қажет дейді. Бұл орайда қариялар мектебінің ашылуы орынды екенін алға тартып отыр.

Жастарды тәрбиелейтін “Қариялар мектебінің” бүгін тұсауы кесілді. Шараға жиналған қаладағы мектеп оқушылары да өңіріміздің ақсақалдары мұрындық болған игі бастаманың қазіргі жастарға керегі мол екенін айтуда.

Сондай-ақ бүгінгі тұсаукесерде теледидарларда айына бір рет “Қыз – елдің көркі” тақырыбында телебағдарламалар жүргізілсе деген ұсыныс айтылды.

 

Бану Ахметова