Қоғам

Облыс орталығында Конгресс холл тұрғызылады

Ал бұзылатын әр үйдің құны нарық бағамымен есептелініп, орнына жаңа баспана беру көзделген. Осыған орай қазір қалалық әкімдік қызметкерлері тұрғындармен келіссөздер жүргізуде.

Облыс орталығындағы Астана, Кеншінбаев, Чайковский және Некрасов қысқа көшесі аралықтарындағы мына жер үйлер 2015 жылдың соңына дейін жермен жексен етілмек. Себебі ол уақытта «Метро» ойын-сауық орталығы конгресс холлға айналып, онда Достық үйі орын теппек. Ал сырылған баспаналардың аумағында саябақ тұрғызылады. Сырылатын жекеменшік тұрғын үйлердің жалпы саны -77.

 

Денис Бредников, Петропавл қалалық әкімдігінің сәулетшісі:

-Бір кездегі Куйбышев атындағы мәдениет үйін конгресс холға айналдыру жоспары тұр. Онда Қазақстан халқы ассамблеясының достық үйі орналаспақ. Нысанның маңайын заман талабына сай абаттандыру керек. Сондықтан біз бұл жердегі 77 үйді сыру туралы шешім қабылдадық. Араларында 3-4 коттедж де бар. Баспаналардың бағасын нарық құнымен есептеп, үй иелеріне пәтерлер ұсынатын боламыз. Қазір тұрғындардың бәрін хабардар еттік.

 

Валерий Устниковтың үйі өткен ғасырдың 60 жылдары салынған. Баспананың жарамды аумағы 44 шаршы метр. Онда бүгінде 5 адам тұрып жатыр екен. Отағасы баспанасының жермен жексен етілетінінен хабардар.

 

Валерий Устинов, үй иесі:

-Үйімнің ескі екенін жасырмаймын. Жыл сайынғы жөндеудің арқасында отырмыз. Баспанамның орнына отбасыммен емін-еркін сыятын пәтер беріп, құжаттарын атыма рәсімдейтін болса, онда оған келісемін.

 

Қалалық әкімдік мамандары жермен жексен етілетін үйлердің кейбірінің құжаттарының дұрыс еместігін анықтаған. Билік басындағылар оларды заңдастыруда тұрғындарға қол ұшын беруге әзір. Қазір осы тұрғыда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді. Ешкім де ашық аспан астында үй-күйсіз қалмайды дейді жергілікті атқамінерлер.

 

Самат Есмағи