Білім

Назарбаев орталығы Петропавлда интерактивті көрме ұйымдастырды

 

“Болашаққа деген сенім болмайынша, толыққанды мемлекет құру мүмкін емес.” Елбасының осы сөзінің орындылығын жыл сайынғы жолдауымен дәлелдеп келеді. Жаһандану дәуіріне аяқ басқанда кемел келешек ақпараттық технологиялардың дамуында жатыр. “Қазақстан – 2050″ Стратегиясы-Назарбаевтың қазақстандық жолы” интерактивті көрмесі осы басымдықтарды үндестіре білді.

“Елін сүйген, елі сүйген Елбасы” көрмесі орын тепкен СҚМУ бас корпусының дәлізінде ине шаншар орын жоқ. Президент қызметінің жылнамасы интерактивті стендтерде тізілген. “touch -үстелде” Ұлт көшбасшысы кітаптарының аудио нұсқалары көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев туралы 3D фильмдерінің мультимедиялық бұрышы да жайғастырылды осы жерде. Әсіресе мына киіз үй үлгісінде көтерілген шатыр көпшіліктің назарын аударды. Ұзын-сонар кезек құрғандар ішінде нендей қызық барын көруге асық. Онда соны үлгіде ” Елбасының өмірбаяны-елдің ғұмырнамасы” атты панораманы тамашалауға болады.

Назарбаев орталығының мамандары ұсынған тың технологиялы ноу-хау көпшіліктің көңілін аулай білді. Жаңаға ынтық жастар электрондық қосымшалары бар заманауи мобильді құралдардың мүмкіндігін іс жүзінде сынап көрді.

Сондай-ақ бағдарламада жастар бас құжаттың басымдықтарына қатысты сұрақтарға жауап берді. Қанатты сөзді қазынам деген шығармашылыққа жақындары “Мәңгілік Ел” байқауына қатысты.

Ұлттық бастаманың маңызын дарын иелері осылайша поэзия тілімен жеткізуге тырысты.

Қатысушылар Назарбаев орталығының кәдесыйларымен марапатталды. Танымдық шара мемлекет басшысының қызметі жайлы деректі фильмдер тамашалаумен қорытындыланды. Бұндай ерекше көрмемен алғаш болып Ақмола облысы танысқан болатын. Енді ол Солтүсті Қазақстан өңірінен Павлодар өлкесіне жол тартпақ.

 

Жеңіс Ермұқанов