Денсаулық сақтау

Астаналық кардиохирургтар жерлесімізге жасанды жүрек орнатып берді

Саян Нұрсейітов өзіне орнатылған нақ осындай аппараттың жұмыс істеу барысы жайында айтып жатыр. Өткен жылдың желтоқсан айында оның жүрегі жасанды құрылғыға алмастырылған. 2006 жылы дертке шалдыққан жерлесіміз біраз уақыт ем қабылдап келген. Бірақ ұзақ жылдар дәрігерлердің қолданған шарасы еш нәтижесін бермеген. Ал өткен жылы өмір мен өлімнің арасында қалған Саян Нұрсейітов жасанды жүрек орнатуға мәжбүр болған.

 

Саян Нұрсейітов:

-Әрине мұндай шешім қабылдау оңайға соққан жоқ. Бірақ мен осындай тіршілік кешіп жатқан алғашқы адам емеспін. Сондықтан барлығына да үйреніп кетесің. Бір айта кетерлігі, ол қазіргі медицинаның жақсы қарқынмен дамығандығы. Өйткені мен жаз айынан бастап осы отаға дайындалдым. Талай ем қабылдадым. Бұл операцияны да маған еліміздің үздік дәрігерлері жасады. Оған дейін мен тіпті көп жүре де алмайтынмын. Тез шаршап қала беретінмін. Қазір шүкір, жағдайым жақсы.

 

Қазір мына сөмке Саян Уарұлы үшін көздің ағы мен қарасы. Нақ осы қоржынның ішінде жасанды жүрек қуат алатын батареялар орналасқан.

 

Саян Нұрсейітов:

-2 батарейка мында тағылып тұр. Тағы 2-уі қазір қуат көзіне жалғанған. Олардың жұмысы 17 сағатқа жетеді. Таңертең тұрып жаңасына алмастырамын. Ал түнде жатқанда электрлі кабельді қосып ұйықтаймын.

Жасанды жүрек Саян Нұсейітовтің ағзасына қондырылғанға дейін дәрігерлер онымен қалай жұмыс жүргізілетіндігін, әдіс-тәсілін барлығын түсіндірген. Аппаратта қан айналымы, қысым мөлшері барлығы көрсетіледі. Тіпті ем қабылдаушы арнайы диетада көрсетілген тағамдардан бөлек өнім жесе, құрылғы бұл жайында да ескертетін көрінеді.

 

Мира Нұрсейітова,Саян Нұрсейітовтің әпкесі:

-Астанадағы кардиохирургиялық орталық мамандары бізге күнде қоңырау шалып, бауырымның жағдайын қадағалап отырады. Жалпы отаға дейін де дәрігерлер тарапынан үлкен психологиялық, медициналық көмек көрсетілді. Орталық мамандарына ризамын. Ең біріншіден олар Саянға екінші өмір сыйлады.

 

Жасанды жүрек және оның имплантациясы – өте қымбат тұратын операция, бір ғана мұндай отаның құны 50 млн теңгеге жуық қаржыға бағаланған. Бірақ Саян Нұрсейітовтың жолы болды. Оның жүрегі арнайы бөлінген квотаның арқасында қайтадан соғып, ол дертінен айықты. Жалпы қазіргі таңда медицина саласына көп көңіл бөлінуде. Елбасы адам әлеуеті деңгейін арттырудың маңызды бағыты – бұл қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету және салауатты өмір салтын алға жылжыту болып табылады деп айтқан болатын. Бұл орайда медицина саласын жетілдіріп, жаңғырту міндеті тұр. Бүгіндері бұл қарқынды түрде жүргізілуде. Сондықтан қазақстандықтар алдында үлкен мүкіндіктер ашылуда.

 

Татьяна Баязитова, «Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы» СҚОФ директорының орынбасары:

-Егер тұрғындар интернетті еркін пайдалана алатын болса, онда олар арнайы сайтқа кіріп, еліміздегі емхана, ауруханалар жайлы ақпараттар алады. Ем қабылдау үшін солардың бірін таңдап, сол жерде қаралу мүмкіндігіне ие.

 

Жалпы 2013 жылы жүрегінде ақауы бар 73 солтүстікқазақстандық арнайы квота бойынша еліміздің емханаларында дертінен айығу үшін жолдама алған. Солардың 43-і балалар. Ал жыл басынан бері науқасынан жазыламын деген 54 адам өз кезегін күтуде.

 

Мағжан Ахмадина