Әр түрлі

Қарызын өтемегендер мүлкінен айырылады

 

Айып тұрағына мына “Фольксваген-пассат” көлігін сот орындаушылары жаңа ғана әкелсе керек. Көлік иесінің “Севказэнергосбыт” кәсіпорнына 300 мың теңге көлемінде қарызы бар екен. Сондықтан оның автокөлігін сот орындаушылары айып тұрағына жеткізіп, көлікке тыйым салынды деген қағаз жапсырды. Ал көлік иесі бейнекамерадан сескенді ме, әйтеуір айып тұрағының аумағын тасалаумен болды.

 

Азат Бекқожин, СҚО сот актілерін орындау департаментінің сот орындаушысы:

-Біз мына автокөліктің мемлекеттік нөмірін шешіп алдық. Енді қарызын өтеуден жалтарған көлік иесі 1 ай көлемінде кәсіпорын алдындағы борышын өтеуі қажет. Өйтпеген жағдайда көлік мемлекет меншігіне өтеді.

 

Қала тұрғыны бұған дейін ешбір жерде жұмыс істемегендіктен оның көлігін тәркілеуге тура келді – дейді сот орындаушылары. Дегенмен де борышкердің әлі де автокөлікті қайтарып алуына мүмкіндігі бар көрінеді. Тек қарызын толықтай өтесе болғаны.

 

Азат Бекқожин, СҚО сот актілерін орындау департаментінің сот орындаушысы:

-Бұл Сергей Разов есімді азамат жылу мен жарық төлемдерін жылдар бойы төлеуден жалтарып жүрген. Ақыр аяғында өтемеген қарызы жиналып үлкен сомаға айналған. Осы сынды борышкерлер саны қаламызда артып жығылады.

 

Ал мына Жуков көшесі, 23 мекен-жайындағы көпқабатты үйде тұратын азаматшаға сот орындаушыларынан қарызды өтеу жайында ескертпе қағазы бірнеше рет келсе-дағы, құлағына да қыстырмапты. Ол жылу мен жарыққа төлеуі тиіс коммуналдық қызметтерді 4 жыл бойына өтемей жүр. Өзінің төлеуге шамасы келмей жатқандығын сылтауратып, автокөлігін айып тұрағына әкетпеуін өтінді. Алайда заң бәріне ортақ.

Бастысы көлікті айып тұрағына қоюға соттың шешімі бар. Бірнеше мәрте ескерпе жасадық, бар гәп борышын өтеуге құлақ аспаған айыптының өзінде дейді сот орындаушылары.

 

Азат Бекқожин, СҚО сот актілерін орындау департаментінің сот орындаушысы:

-Біз әкімшілік полициямен бірігіп “Севказэнерго” кәсіпорнына қарызы бар қала тұрғынының автокөлігін эвакуаторға тиедік. Барлық әрекеттеріміз заңды. Борышкердің жалпы қарызы 113 мың теңгені құрайды. Енді қалғаны уақыт еншісінде. Көлігін қайтарғысы келсе қарызын толықтай төлеуі тиіс.

 

Ал Ғ. Мүсірепов көшесіндегі 5 қабатты пәтерде тұратын Сытковтар отбасы электр жарығының ай сайынғы төлемін жасамаған, нәтижесінде жылдар бойы жиналған қаржы бүгіндері 139 мың 876 теңгені құрайды. Сот орындаушысы үй қожайындарынан қолхат алды. Енді олар ай сайын 10 мың теңгеден төлем жасаулары тиіс.

 

Руслан Омаров, “Севказэнергосбыт” ЖШС өткізу басқармасының басшысы:

-1 ақпанға дейінгі мәлімет бойынша дебиторлық қарызы бар тұрғындар электр энергиясына – 62 млн, жылуға 96 млн теңге ақша қарыз. Алайда көбісі тұтынылған жарықты уақытылы төлеп тұрады. Арасында борышын өтеуге асықпайтын жауапсыз 350 абонент 47 млн теңге қарыз.

 

Бүгінгі күні сот орындаушыларының “Севказэнергосбыт” ЖШС-нің пайдасына шешілген 37 млн теңгенің 918 ісі жатыр.

 

Бақыт Сәдуақасов