Билік

Қала әкімі апатты жатақхана тұрғындарымен кездесті

 

 

Ақпанның 20-ының таңында Егемен Қазақстан көшесі, 30 мекен жайындағы жатақханада төтенше жағдай орын алды. Іргесі қаланғанына 40 жылдан асқан ғимараттың жертөлесінде 4 бірдей темірбетон қабырға жылжып кеткен. Оқиға орнына арнайы топтар мен қалалық әкімшілік өкілдері келді. Тұрғындар қауіпсіз аумаққа шығарылды. Қыстың сары аязында күн ұзаққа баспаналарына алаңдаған олар жатақхана маңын торауылдаумен болды. Енді міне кешкісін 1-ші гимназияның жылы акт залында жиналып шаһар басшысымен жүздесті.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

– Қазір жатақханада “Стадия” ЖШС техникалық тексеріс жүргізіп жатыр. Оқиғаның себебі мен материалдық шығын есептелуде. Жөндеуге жарайды деген шешім шығарылса, оны өз мойнымызға аламыз. Ғимараттың тұруға қауіпсіздігі анықталмайынша баспана иелеріне де кіруге тыйым салынады. Бұл жұмыстар әрі кетсе бір аптаға созылады.

 

Шатырсыз қалып сергелдеңге салынған тұрғындарды мазалайтыны түнейтін пана іздеу. Бұл мәселенің де басын шаһар басшысы қайыруға септесетіндігін жеткізді.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

– Диспансерлер, сауықтыру орындары мен жеке кәсіпкерлерді аралап шықтық. Бірінде бос орын жоқ. Сіздерді жайғастыратын ғимарат әзірге табылмай отыр. Балаларды уақытша интернатқа орналастыра аламыз. Ересектеріне пәтер жалдап тұруға тура келеді.

 

Заң бойынша оған кететін шығын қалалық қазына есебінен шешілмек. Бірақ қаржы тек мамырдың басында бірақ бөлінеді. Алайда тұрғындардың біразы бүгін түнеу үшін ақшалары жоқтығын алға тартты. Риэлторлар қызметі қалта қағады дейді олар. Қала басшысы ондай жандарды далада қалдырмаймыз деп сендірді.

 

Лариса Леонтьева:

Менің барар жерім жоқ. Зейнетақым 31 мың теңге ғана. Одан артылмақ түгіл, күнкөрісіме де жетпейді. Көмектесеміз деді. Көреміз.

 

Жатақхананың тек оң қанаты жапа шеккен. Бұл айтылғандар тек осы бөліктегі бөлмелер иелеріне қатысты. Алайда екінші жақтың тұрғындары да апаттық нысанда қалғылары келмейді

 

Алмира Ахмадиева:

Біздің жақ жапа шеккен жоқ дейді. Менің кішкентай екі балам бар. Олардың қауіпсіздігі үшін әзірге анама барып тұрамыз.

 

Тексерістердің қорытындысы алдағы дүйсенбінің кешіне дейін дайын болады деп жоспарлануда.

 

Егемен Қазақстан көшесі, 30 мекен жайындағы жатақханада мамандар қазір техникалық тексеріс жүргізіп жатыр. Оқиғаның себебі мен материалдық шығынын есептеу жұмыстары “Стадия” ЖШС тапсырылды. Қалалық әкімдік мамандарының мәлімдеуінше, сараптама істері 1 жұмаға созылуы мүмкін. Жөндеуге жарайды деген шешім шығарылса оған қажетті қаражат қалалық қазынадан бөлінеді. Ғимарат тұруға қауіпті деп танылса, тұрғындар заңға сәйкес баспанамен қамтылады. Әзірге, шатырсыз қалғандарға баспана жалдауға тура келеді. Бүгінде жылжымайтын мүлікпен айналысатын риэлторлық компаниялармен алдағы наурыз айына дейін 29 пәтерге келісім жасалынған. Тәулігіне 1 бөлмелісі – 3000, екі бөлмелісінің құны 4000 теңгені құрайды. Оған кететін шығын қайтарылатын болады.

 

Жеңіс Ермұқанов