Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Самат Ескендіров тұрғындармен есепті кездесу өткізді

 

 

Өткен жылдың 9 айында өңіріміздегі жалпы ішкі өнім көлемі 11,3 пайызға артып, 517,2 миллиард теңгені құраған. Осылайша облыс еліміз бойынша көш бастап отыр деп атап көрсетті облыс активі алдында есеп берген өңір басшысы Самат Ескендіров.

Теріскейдің жері құнарлы, шөбі шұрайлы. Ол егіншілікпен қатар мал шаруашылығын дамытуға да қолайлы. Бұл бағытта 2013 жылы атқарылған жұмыстар ауыз толтырып айтарлық. Қамбаға құйылған астық 5 миллион тоннадан астам.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Ауылшаруашылығының ішкі өнімі өткен жылы 11 пайызға артып, 272 миллиард теңгені құрады. Оған мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында қол жеткіздік. Бұл бағыттағы биылғы жылға қарастырылған субсидия көлемі 15 миллиард теңге.

 

Машина-трактор паркі өткен жылы жалпы сомасы 17 миллиард теңгені құрайтын 1180 бірлік заманауи техникамен толыққан. Ол аграрлық аймақтағы көктемгі-күзгі дала жұмыстарын дер кезінде бастап уақтылы аяқтауға мол мүмкіндік беруде. Елбасының етті ірі қараның экспорттық әлеуетін арттыру міндеттемесі де өңірімізде сәтті жүзеге асуда. Былтыр төрт түліктен 97 мың тонна ет , 458,5 мың тонна сүт өндіріліпті. Өнеркәсіп саласында қолға алынған индустриаландыру картасы шеңберінде 31 жоба қолданысқа еніп, 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылған. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында да ауыз толтырып айтар жетістіктер бар. Бұл ретте олар былтырғы жылы 300 миллиард теңгеге жуық тауар шығарып, өнім көлемін 12 жылмен салыстырғанда 3,5 пайызға өсірген.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Облысымызда “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы сәтті жүзеге асуда. Өткен жылы оны қаржыландыру 22 пайызға өсіп 1 миллиард теңгеге жетті. Өңірлік үйлестіру кеңесі шағын және орта кәсіпкерлікке қатысты 120 өтінішті қанағаттандырып, оларға 5 миллиард теңгеден астам қаржылай қолдау көрсетілді. Биыл бұл мақсатқа бағытталған қаражат шамамен 1,5 миллиард теңгеге жуық өсіп отыр.

 

Тұрғын үй құрылысы шеңберінде былтыр жалпы аумағы 115 мың шаршы метр баспана қолданысқа беріліп, бірқатр отбасылары қоныс тойын тойлады. “Қол жетімді баспана-2020” мемлекеттік бағдарламасы тек облыс орталығында ғана емес аудандарда да тиісті деңгейде жүзеге асырылуда деп атап көрсетті өңір басшысы өз есебінде.

 

Самат Ескендіров,СҚО әкімі:

-2014 жылы аталмыш бағдарлама шеңберінде 107 мың шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа енгізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар жалға берілетін 4, әлеуметтік қорғалған тұрғындарға арналған 6 және тұрғын үй құрылысы жинақ банкі салымшылары үшін 2 үйдің құрылысы басталатын болады.

 

Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларында да орындалған жұмыстар аз емес. Алайда қол жеткізген жетістіктермен шектеліп қалуға болмайды. Әлі де шешімін күткен мәселелер жетерлік. Оны жұдырықтай жұмыла еңбек еткенде ғана еңсеруге болады деп қорытындылады өз есебін Самат Ескендіров. Бұдан соң аймақ басшысы тұрғындар тарапынан түскен жазбаша сауалдарға жауап қайырды. Дені елді мекендерді жалғайтын күре жолдарға қатысты. Өткен жылы бұл мақсатқа 5 миллиард теңгеден астам қаражат бағытталып, оған қыруар жұмыстар тындырылған болатын, биыл да игі бастама жалғасын таппақ деп түйді өз ойын өңір жетекшісі. Артынша залға жиылған бұқара мен облыс әкімі арасында сұрақ жауаптан тұратын диалог орнады.

Есептік кездесу барысында облыс әкіміне тұрғындар тарапынан 9 жазбаша, 12 ауызша сауал қойылған болатын. Самат Ескендіров олардың барлығына нақты жауаптар қайырды.

2 сағатқа созылған облыс әкімінің есебін залға жиылған бұқара бір адамдай ұйып тыңдады. Атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлардан құлағдар болған бұқара Самат Ескендіровтың жұмысына оң бағаларын берді.

Теріскей халқы үшін ұлу жылы толағай табыстарға толы болды, жылқы жылынан да күтеріміз мол дейді өңір тұрғындары. Тек ерінбей еңбек етуіміз керек. Еңбек, еңбек бәрін жеңбек деп бекерге айтылмаған.

Самат Есмағи