Билік

Ғалым Оразбақов азаматтарды қабылдау жүргізді

 

 

“Виктория”сақтандыру компаниясының жергілікті жердегі филиалының директоры Бақытжан Сәмиеваны Ресейде көлікті сақтандырудың қазақстандықтар үшін қымбатқа түсетіні алаңдатады. Ол Бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттіктің төрағасы Ғалым Оразбақовпен жүзбе-жүз кездесіп, көкейінде көптен жүрген сұрағын қойды.

 

Бақытжан Сәмиева, “Виктория” сақтандыру компаниясы АҚ Петропавл қаласындағы филиалының директоры:

-Біз Ресей аумағына кірген кезде жеңіл автокөлікті сақтандыру үшін кем дегенде 8 мың теңге төлейміз. Ал, ресейліктер елімізге келгенде не бары 250-ақ теңге төлейді. Осы айырмашылықты теңестіруге бола ма екен?

 

Ғалым Оразбақов, ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы:

Бұл дұрыс емес, әрине. Бірақ, дәл қазір сіздің сұрағыңызға жауап бере алмаймын. Астанаға барған соң сақтандыру ісімен айналысатын әріптестеріммен сөйлесіп, шешуге тырысамыз. Бұл мәселе бақылауда болады.

 

Өз сауалын қоғамдық қабылдауға жазылған Ольга Молчанова да қоя алды. Зейнеткер коммуналдық базардағы кейбір азық-түлік бағасының күрт өскендігін айтты.

 

Ольга Молчанова, зейнеткер:

Бізде соңғы уақытта азық-түліктің бағасы күрт өсіп кетті. Сондағысы, шетелден импортталғаны емес, өз өңірімізде өндірілетін тауар түрлері. Бүгін базарларды тағы бір аралап шықтым. Якорь құс фабрикасынан жеткізілетін жұмыртқа бағасы 205 теңге, ал, “Фрегат” кәсіпорнының шұжығы 20-30 пайызға өскен. Азық-түліктердің бағасы қалай бақылануда?

 

Ғалым Оразбақов, ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы:

– Бұл қазіргі күні қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселе. Мен солтүстік өңірге кеше келісімен-ақ “Семейный” заңғар дүкенінде болдым. Онда азық-түлік бағасының өскенін байқамадым. Гипермаркеттің директоры Ресейден әкелінетін тауарлардың ғана сәл қымбаттағанын айтты. Негізі Қазақстан бойынша монополияға қарсы инспекция бағаның негізсіз өсуіне қатысты 17 іс қозғады. Оның ішінде солтүстіктің 4 құс фабикасы да бар. Сот бағаның себепсіз көтерілгенін анықтаса, олар айыппұл төлейді.

 

М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің психологы Раушан Жұмабекованы коммуналдық қызметтерді терминал арқылы төлеу құнының екі есеге өсіп кеткендігі алаңдатып отыр екен. Сондықтан, жерлесіміз бұл әрекеттің қаншалықты заңды екенін сұрай келген.

 

Раушан Жұмабекова, М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің психологы:

– Терминалда коммуналдық төлемге алынатын комиссия құны 25-тен 50 теңгеге көтеріліп кетті. Осы жайтты бақылауға алсаңыздар деймін.

 

Ғалым Оразбақов, ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы:

– Бұның теңге курсының өзгергеніне еш қатысы жоқ. Терминалдық қызметті мемлекет реттемейді. Олар монополистер емес. Дегенмен, бұл сұрақ назарға алынады. Бірінші және екінші деңгейлі банктердің басшыларымен кездесіп, бұл сұраққа алдағы уақытта жауап беремін.

 

Қоғамдық қабылдауға келген 3 азаматтың сауалдарын Ғалым Оразбақов Елордаға оралған соң әріптестерімен талқылап, тез арада жауабын беретінін жеткізді.

 

Бану Ахметова