Балалар

Жолдау туралы үздік шығарма жазған оқушылар Астанаға барады

 

 

Сабина Өмірзақова Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі жанындағы мектеп-лицейдің 9 сынып оқушысы. Талай жобалар сайысы мен түрлі оқуларда бағы жанған жеткіншек биыл алғаш рет шығармалар байқауына қатысыпты. Оның Елбасы жолдауындағы «Мәңгілік ел» тақырыбын негізге ала отырып қалам тербеген жұмысы қазылар алқасының көңілінен шыққан. Сөйтіп, дарынды жас бірінші орынды қанжығасына байлады.

 

Сабина Өмірзақова, Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі жанындағы мектеп-лицей оқушысы:

– Мен өз шығармамда «Мәңгілік ел» дегенді қалай түсінетіндігімді жаздым. Осы тақырыпты таңдаған себебім – еліміздің дамыған 30 мемлекеттің қатарына енетіндігіне сенімдімін. Осы шығармалар байқауына қатысып жүлдегер атанғаныма қуаныштымын.

 

Елбасы өзінің кезекті жолдауында еліміздің дамуы мен келешегі білімді де бәсекеге қабілетті жастардың қолында деген болатын. Сондықтан жас ұрпақ дамыған елдермен тереземізді теңестіріп, экономикамызды алға жетелер басты күш. Ұлт көшбасшысының жастарға жүктеген міндеттерін аталмыш шығармалар байқауында бағын сынаған Мәншүк Ерсайынова да қозғаған. Ол «еліміздің болашағы біздің қолымызда» деген тақырыпта жұмыс жазыпты.

 

Мәншүк Ерсайынова, Әл- Фараби мектеп-лицейінің оқушысы:

– Біз жас ұрпақ бәсекеге қабілетті жас болу керек. Жүйріктер қалай шапса, біз де солай білімізді тереңдете отырып, әрі қарай дами түсуіміз керек.

 

Аталмыш байқау екі кезеңде өткізіліп, оған қала мектептерінен 2 мыңға жуық оқушы қатысыпты. Соңғы іріктеуде 52 үміткердің жұмысы таңдалған. Соның ішінен қазылар алқасы 9 оқушының жұмысын үздік деп таныды.

 

Гүлмира Кәрімова, Петропавл қалалық білім бөлімінің басшысы:

-Оқушы бұл жолдауды оқи келе, сараптама беріп өз көзқарасын білдірді. Оқушы ол болашақ жастар. Сондықтан олар бізді дамыған 30 мемлекеттің қатарына жетелейтін күш.

 

Сайыс жеңімпаздары грамоталармен марапатталды. Ал ең үздік 9 жұмыстың авторлары алдағы жексенбі күні Астанаға сапар шекпек.

 

Мағжан Ахмадина