Денсаулық сақтау

Туберкулезге шалдыққандар саны кеміп келеді

 

Василий Скородумов Астана медицина  университетінің былтырғы түлегі. ЖОО тәмамдаған соң бірден солтүстікқазақстандық дәрігерлердің қатарын толықтыруға бел буған. Бүгінде 7 жылдық оқып түйген білімін облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде шыңдап жатыр. Терапевт мамандығын меңгерген ол осы уақытта қайта оқып фтизиатр мамандығын да меңгеріп алыпты. Василийдің группаласы Әсел Қалмурзинова да еңбек жолын өңірімізден бастаған жөн деп шешкен жас мамандардың бірі. Жас та болса біліктілігімен танылған қос дәрігерге созылмалы өкпе ауруына шалдыққан аса ауыр науқастарды емдеу сеніп тапсырылды. Көбінің иммунитеті әлсіз, дерті препараттарға үйреніп алған. Сондықтан жаңаша шипа жолдарын іздестіруді талап етеді.

 

Василий Скородумов, CҚО туберкулезге қарсы күрес диспансерінің фтизиатр дәрігері:

– Жұмысым өзіме ұнайды. Дәрігер болу- балалық арманым. Мақсатыма жеттім, маман атандым. Ендігі міндет денсаулығы сыр берген жандарға кәсіби көмегім тисе деймін. Ол үшін мұндағы материалдық база әбден жарайды. Мықты сараптама орталығымыз бар.

 

Әсел Қалмурзинова, CҚО туберкулезге қарсы күрес диспансерінің фтизиатр дәрігері:

– Ұжым жақсы қарсы алды. Тәжірибелі әріптестерім ақыл-кеңесінен аянып қалмайды. Үйренісіп кеттік. Тағы бір қуантатыны медициналық құрал-жабдықтар заман талабына сай. Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті.

 

Қос дәрігерге 200 мың теңге көлемінде жәрдемақы төленіп қойылыпты. Жалақыларын уақытында алып тұрады. Тек бір нәрсе қынжылтып тұр дегенді айтып қалды. Бұл өлкемізде аса тапшы фтезиатрлар өзге аймақтардан келген. Бірі – Қостанай, келесісі Ақмола облыстарының тумасы. Уәждері жаңа қоныстарында баспана мәселесі әлі шешілмей жатқан көрінеді.

 

Василий Скородумов, CҚО туберкулезге қарсы күрес диспансерінің фтизиатр дәрігері:

– Пәтер жалдап тұрамын. Облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері баспанаға деп арнайы 10 ЕАК мөлшерінде қаржы бөледі. Мұндағы пәтерлердің құны әлдеқайда жоғары. Ол жартысна да жетпейді. Әзірге бүгінгі жалақыммен ол бағаны көтеруге қауқарсызбын.

 

Әсел Қалмурзинова, CҚО туберкулезге қарсы күрес диспансерінің фтизиатр дәрігері:

– Пәтер жалдап тұру қымбатқа түсуде. Айына кемінде 40-45 мың кетеді. Бір бөлігін диспансер бөледі. Бірақ өзгесі қалтамыздан шығады. Бізге СҚО дәрігерлерді пәтерсіз қалдырмайды деп айтқан болатын. Үмітсіз шайтан. Уәделерінде тұратынына сенемін.

 

Тағы бір маман биыл Ғ Мүсрепов аудандық туберкулезге қарсы күрес бөлімшесін толықтырған. Жалпы бүгінде облысымызда көк жөтелмен күресетін дәрігерлер тапшылығы әлі де сезінеді.

 

Павел Соболевский, СҚО туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері:

– Бүгінде 4 маман жетіспейді. Оның екеуі Жамбыл ауданына қажет. Өзге аудандардың штаттық құрамы толықтай қамтылған. Келесі жылы Қарағанды медицина институтынан екі жас маман келеді. Биыл қайта оқытылатындары бар. Бір дәрігерге жаңа мамандық игерудің курстарына 1,5 – 2 млн. теңге жұмсалады. Басқа амал жоқ. жібереміз. Сөйтіп қажеттілікті толтырамыз деген жоспар бар.

 

Жалпы бүгінде өңір тұрғындарының 84 пайызы алдын ала тексерістен өтеді екен. Бар аурулардың 70 пайызы осының арқасында анықталып отыр. Соңғы 2 жылмен салыстырғанда өкпе дертіне шалдыққандар 2 есеге дейін азайған. Бүгінде туберкулезден мыңға тарта жерлесіміз емделіп жатыр.

 

Жеңіс Ермұқанов