Билік

Ішкі істер министрі Петропавл әскери институтында болды

 

 

Еліміздің әрбір азаматы Елбасы жолдауында жүктелген міндеттердің маңызына бойлап, оны жүзеге асыруға атсалысуы қажет деген Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, кейін маңызды құжатта көтерілген азаматтардың әл-ауқатын жақсарту мәселесіне тоқталды. Ұстаздар қауымының еңбекақысын, сутденттердің шәкіртақысын арттыру жайы да талқыланды.

 

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

-Елбасы жолдауын біздің әскерилер қауымы жақсы білуі керек. Өйткені онда қауіпсіздік мәселесі туралы көп айтылған. Отансүйгіштік, патриоттық мәселелері де қозғалды. Сондықтан біздің басты міндетіміз – мемлекеттік құрылымдардың жұмысын реттеп, оны заманға сай құру болып табылады. Соңғы екі жылда құқық қорғау саласында тың реформалар қолға алынып келеді, бұл әрине қуантарлық жайт.

 

Сонымен қатар, еліміздің бас полицейі қылмыстық, процессуалдық және әкімшілік кодекске енгізілген өзгерістер жайлы сөз етті. Шет елдің тың тәжірбиесін жинақтаған құжаттар қазір үкіметтің қарауында. Елімізде тіркелген жол-көлік оқиғаларының дені жүргізушілердің кінәсінен орын алады екен. Сондықтан ҚР Ішкі істер министрі жолда жүру ережелеріне қатысты жаңа заң жобасында қарастырылатын өзгерістер жайлы да баяндады. Егер құжат мақұлданса, онда сапар барысында ұялы телефонмен сөйлескені үшін 3 рет ұсталған жүргізуші куәлігінен айырылады.

 

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

-Қылмыстық кодекс өзгеріске ұшырады. Сондықтан қылмыстық атқару жүйесі де іле шала өзгереді. Біз жазасын абақтыда өтеушілердің санын азайтып, оларды қоғамдық жұмыстарға тартуды қолға алуымыз керек. Бұл ретте басқару жүйесі күшеюі тиіс. Қазір бізде шартты түрде жазасын өтеп жүрген 7000 адам бар, егер заң мақұлданса, онда шартты түрде жауапкершілікке тартылатындардың саны 50 мыңға жетеді. Сөйтіп оларды қадағалау жұмыстарын қолға аламыз. Жазасын өтеушілерді жұмыспен қамту мәселесі де шет қалмақ емес.

 

Жолдауды талқылау бойынша өткен кездесуге қатысқан әскерилер тың өзгерістерді құптап отыр. Жалпы қазіргі күннің өзінде жергілікті институттың материалдық-техникалық базасы жақсаруда. Бұл курсанттардың жақсы оқып, сапалы қызмет етуіне өз септігін тигізуде.

 

-Біздің басты міндетіміз – ішкі әскер  қатарын сапалы кадрлармен толықтыру. Ол үшін оқу ордамызда бар жағдай жасалған. Ұстаздар қауымының біліктілігі жоғары.

– Елбасы қолдауының арқасында біз заманауи оқу құралдарында қол жеткізіп, жаңартылған техникалармен жұмыс істейміз. Сапалы білім аламыз. Сондықтан Елбасымыздың алға қойған мақсаттарына жетуге өз үлесімізді қосамыз.

 

Келешекте жаңа технологияларды қолданып, қару-жарақ пен жабдықтарды, қызметкерлер жұмысын жетілдіре түсу мақсаты тұр алдымызда деді ведомство басшысы.

 

Мағжан Ахмадина