Билік

ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Петропавлда азаматтарды қабылдау өткізді

 

 

Еліміздің бас полицейінің қабылдауына бірінші болып облыстық ІІ және ІӘ кеңесінің төрағасы кірді. Михаил Бедных өңіріміздің құқық қорғау саласы ардагерлерінің өтінішін арқалап келген.

 

Михаил Бедных, СҚО ІІ және ІӘ кеңесінің төрағасы:

– Қызметтегі тәртіп сақшыларына шенге сәйкес қосымша төлем және коммуналдық қызмет өтемдеріне жеңілдіктер қарастырылмақшы екендігін білеміз. Сондай жеңілдіктер аз да болса ішкі істер органдарының ардагерлеріне көрсетілсе деген сұрауымыз бар.

 

Қалмұханбет Қасымов, ҚР  Ішкі істер министрі:

– Қосымша төлем зейнетақы ішіне кіреді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне бұл ұсынысты жібердік. Ел бойынша осындай сұраулар жасалып жатыр. Үлкен соманы қайта есептеуге уақыт қажет. Үкімет шешімін күтеміз.

 

Думан Мұқатаев мемлекеттік аттестациялаудан өте алмай қалған. Сынақта бірқатар заңнама тестерінен сүрінген. Нысананы көздеп атудан да мергендігімен танылмаған. Бұл олқылықтарын түзедім деп отырған Думан қызметіне қайта кірісуге ниетті.

 

Думан Мұқатаев:

-2012 жылы Алматы қаласындағы ІІМ академиясын тәмамдадым. Бірден СҚО ІІД тергеу бөліміне қабылдандым. Қазан айындағы атестациядан соң жұмысымнан босатылдым.

 

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі Істер Министрі:

-Мемлекеттік аттестациялық комиссия шешімін қайта қараудың тәртібі әлі бекітілген жоқ. Тек бір ғана сыннан сүрінгендері бар. Нақты шешім шыққасын ондайлардың сұрауы қаралатын болады.

 

Қылмыстық істердің жүргізілуіне де қатысты шағымдар айтылды. Ал кәсіпкер Владимир Василенко министрлік басшысына полицейлердің атқарған жұмысына алғысын білдіруге келген.

 

Владимир Василенко, “Nord-tractor” ЖШС директоры:

– 2011 жылы Қытайдың Үрімжі қаласынан ауыл шаруашылығы техникаларының қосымша бөлшектерін сатып алдым. Алайда ақшасы төленіп қойған тапсырыс маған жеткен жоқ. Айтуларынша жолда тауар жоғалып қалған. 2012 жылы облыстық ІІД арыздандым. Тәртіп сақшылары мәселемді шешіп берді. Алғысым шексіз.

 

Халықаралық істің басын қайыруға полицейлердің араласуынан соң биылдан кәсіпкер шығынының орны тола бастады. Бүгінде Владимир Василенко жұмсаған 10 мың АҚШ долларының жартысы қайтарылды. Өзгесі алдағы айда серіктестік директорының қолына тимек.

 

Жеңіс Ермұқанов