Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Мәңгілік ел” жалпыұлттық идеясын қолдауға арналған патриоттық акция

 

 

Міне, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында бастау алған Елбасының “Мәңгілік ел” жалпыұлттық идеясын қолдауға арналған патриоттық шара біздің өңірде жалғасын табуда. Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Сондықтан солтүстік өңірдің жастары елімізде бір шаңырақ астында жиналған барлық ұлттың киімдерін киіп, Ұлт көшбасының “Мәңгілік ел” жалпыұлттық идеясын қолдауға бір адамдай жиналды. Тіпті, залда ине шаншар жер қалмады.

Жалпыұлттық патриоттық акцияға СҚО әкімі Самат Ескендіров пен Қазақстан Халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі  Ералы Тоғжанов қатысты. Өңір жетекшісі Ұлт көшбасының биылғы жолдауында алғаш рет ұсынылған “Мәңгілік ел” идеясы облысымызда үлкен қолдауға ие екенін жеткізді. Сондай-ақ, Самат Ескендіров Қазақстан халқын алдымызда тұрған ұлы міндеттерді іске асыруға, қасиетті қазақ жерінде парасатты қоғам құруға, ұлы мақсаттың айналасына ұйысуға, жұдырықтай жұмылуға шақырды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-“Мәңгілік ел” ұлттық идеясы мемлекет басшысының “Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты жаңа жолдауында алғаш рет ұсынылды. Маңызды құжат еліміздің тұрақты дамуына, барша қазақстандықтардың жағдайын жақсартуға бағытталған бірегей патриоттық концепция болып табылады.

 

Форумда сөз сөйлеген Қазақстан Халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі  Ералы Тоғжанов тәуелсіздікті нығайтсақ, “Мәңгілік ел” бола аламыз деді.

 

Ералы Тоғжанов, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:

– Елімізге, бүкіл халқымызға жолдауда негізгі бағыттар белгіленген болатын. Ол жайдан жай белгіленген жоқ. Неге десеңіздер бір мақсат – тәуелсіз елімізді нығайта түсіріп, бүкіл дүние жүзіне оны көтеру. Бір мүдде – бүкіл құндылықтарымызды осы қаншама 20 жылдан асқан қарым-қатынас қалыптасқан. Бір болашақ – елімізді бақытты елге айналдыру.

 

Еліміз, жеріміз, халқымыз – мәңгілік деп ұрандатқан жастар, Қазақстанның болашағы біздің қолымызда десті.

 

Ерзат Мұрат, ІІМ ІӘ ӘИ курсанты:

-“Мәңгілік ел”идеясы біздің халқымызға өте маңызды. Біздің ішкі әскерлердің бұған үлес қосатынына сенімдімін. Халқымыздың тыныштығын күзетуге, олардың бейбітшілікте өмір сүруіне өз үлесімізді қосуға, ата-бабаларымыздың жолдарын асқақтататынымызға мен кәміл сеніммін.

 

Мәңгілік ел – Қазақ жұртының мыңдаған жылдық тарихынан, Тәуелсіздікке қарай жүріп өткен жолынан туған ұлттық идея дейді форумға қатысушылар.

 

Құдайберген Қалиев, СҚО құрметті азаматы:

-Біздер енді сол «Мәңгілік ел» идеясының маңында топтасып, осы жолдауда қойылған мақсаттардың барлығын орындасақ мен ойлаймын келешекте жеңіл болады. Өйткені біз барлығымыз кішкентайымыздан бастап қарияларға шейін осы мәңгілік ел болуды армандаймыз.

 

«Мәңгілік ел» идеясына қатысты тілектер жазылатын кітапқа солтүстікқазақстандықтар да өз пікірлерін қалдырды. Осылайша бұл кітап барлық 14 облысты айналып шығып, жыл соңында Елордаға жеткізіледі. Ал, жалпыұлттық форум Қызылордада жалғасады. Осылайша солтүстікте өткен шара еліміздің Әнұранымен аяқталды.

 

Бану Ахметова