Ауыл шаруашылығы

Аграрийлерге арналған семинар

 

 

Облыс аграрийлерінің басын қосқан семинарды ұйымдастырушы алматылық БАСФ компаниясы. Олардың шаруаларға ұсынатын негізгі өнімдері – майлы дақылдарды түрлі зиянкестер мен арамшөптерден қорғауға бағытталған химиялық препараттар.

 

Константин Борисенко, «БАСФ» ЖШС аға менеджері, Алматы қаласы:

-Соңғы 4-5 жылда майлы дақылдарға деген сұраныстың артқандығы белгілі. Қазіргі күнгі олардың нарықтағы құны да жоғары. Сондықтан, пайдаға кенелгісі келетіндер бүгін де жаппай майлы тұқымдастырды өсіруді қолға алды. Ал бізде бұл ретте майлы және дәнді дақылдар алқаптарына қолданылатын химиялық препараттардың барлық түрі бар. Олар мол астықтың кепілі.

 

Елбасының жерді диверсификациялау арқылы майлы дақылдар мен жем-шөп алқаптарын кеңейту міндеттемесі біздің өңірімізде де сәтті жүзеге асуда. Бұл ретте биыл облысымызда 4 миллион 370 мың гектар жер игеріледі деп жоспарланып отыр. Оның 500 мың гектарына жуығын майлы дақылдар алмақ. Бұл көрсеткіш өткен жылғыдан 42 мың гектарға артық. Жермен жұмыс істегендіктен одан көрер пайда да ауқымды болуы тиіс. Мақсатқа жету үшін үнемі жаңа технологияларды қолдану шарт. Сонда ғана төгілген маңдай терің ақталады дейді «АБИ-ЖЕР» серіктестігінің өкілдері. Олардың майлы дақылдар өсірумен айналысқандарына 10 жылдан асқан.

 

Игорь Гришанов, «АБИ – ЖЕР» ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

-Біз майлы дақылдардан 15 мың гектарға рапс пен зығыр себеміз. Оны түрлі зиянкестерден қорғау тұрғысында аталмыш компаниямен бірлесіп арнайы технология әзірлеп шықтық. Танаптарымызға компания ұсынған химиялық препараттардан бөлек микро, макро элементтерді де кеңінен қолданамыз. Ол мол астықтың кепілі. Майлы дақыл өсірудегі жаңа технологияларымызбен кез-келген шаруашылықпен бөлісуге дайынбыз.

 

Астық шығымдылығы жердің құнарлылығы мен ауа райының қолайлылығына ғана емес, сонымен қатар сапалы тұқымға да байланысты. Бұл ретте қостанайлық «Рапуль Қазақстан» серіктестігінің өкілдері семинарға қатысқан шаруалар қауымына рапстың неміс селекциясы түрін сеуіп көруді ұсынды. Оның өнімділігі жоғары дейді мамандар.

 

Марат Есқатов, «Рапуль Қазақстан» ЖШС менеджері, Қостанай қаласы:

-Біз германиялық компанияның еншілес кәсіпорны болып табыламыз. Олардың дәнді дақыл сұрыптарын селекциялаудағы тәжірибелері мол. Гибрид тұқымдардан майлы дақыл өнімдерін өндіру бүгінде Германиядағы орта бизнестің көшбасында. Алманиялық мамандар ұсынған тұқым түрлері елімізде 2008 жылдан бастап ауылшаруашылығы саласында қолданылып келеді. Өнімділіктері де жоғары.

 

Бүгінде әлем бойынша майлы дақылдарға деген сұраныс жоғары. Заман талабынан кеш қалмауды көздеген теріскейлік шаруалар тек соңғы үш жылдың өзінде майлы дақылдар алқабын 140 мың гектарға арттырған.

 

Самат Есмағи