Бизнес және экономика

Жас кәсіпкерлерге қаржылық қолдау көрсетіледі

 

Бүгін бұл залда жас кәсіпкерлер мен өз ісін ашуға ниетті азаматтар жиналған. Бизнес табысты болу үшін ең алдымен неден бастау қажет? “Даму” қорының мамандары кіріс кілтін табуға көмектесіп, демеулік бағдарламалардың механизмдерін түсіндіріп берді.

 

Нұрлан Ақшанов, “Даму Қоры” АҚ кепілдендіру департаментінің директоры:

-Кепілдендірудің кәсіпкерлерге кепілзаты болмаса да несие алуға көмегі тиеді. Бұның бір ерекшелігі, аталған өнім түрін әлі бизнесі жоқ, бірақ өз ісін ашқысы келіп жүрген азаматтар да пайдалана алады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы өткен жылдың қорытындысы бойынша өзге өңірлердің ішінде жобаларды кепілдендіруде көш бастап тұр. Жиынды ұйымдастырушылар енді кәсіп ашуға ниетті азаматтардың көбейетініне сенімді. Мәселен, Қайыржан Айсин “Даму Қорымен” әріптестікке дайын.

 

Қайыржан Айсин, «Айсин» ЖК басшысы:

-Кездесуге жаңа бастамалармен, озық идеялармен танысу үшін келдім. Мен Петропавлда қағаз қабылдаумен айналысамын. Осы ісімді өркендетіп, енді мемлекеттік мекемелермен бірлесе жұмыс жасауды жоспарлап жүрмін. «Даму» қоры қолдау танытып, әлеуметтік жобаларға қаржы бөледі деп ойлаймын.

 

Егер жоба өндіріс, денсаулық сақтау, білім немесе тасымалдау сияқты маңызды салаларға қатысты болса, онда қаржыландыру мүмкіндігі арта түседі.

 

Данаш Хамзина