Билік

ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары “Алтын бесік” балабақшасын аралап көрді

 

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиевтің «Алтын бесік» балабақшасына келуі тегін емес. Өйткені қонақтарды мұнда енгізілген тың жоба, яғни басқарудың электрондық жүйесі қызықтырған. Мұндай тәжірибе елімізде алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Жаңашылдықтың тиімді тұстары жетерлік. Мұндағы дерекқорда балабақшаға келетін барлық бүлдіршіндер жайлы ақпарат бар.

 

Мадина Дарбаева, «Алтын бесік» балабақшасының директоры:

-Модульдер бар. Олар денсаулық, оқыту т.б.

 

Электрондық жүйенің арқасында кезекте тұрып, уақыт жоғалтудың қажеті жоқ. Арнайы карточка арқылы не бары 2 секундтың ішінде тіркелу мүмкіндігі бар. Меймандарға бұл тың жүйе таныстырылған соң, балғындар оларға өз өнерін көрсетті. Осы күні балабақшада жас мамандардың жақсы жұмыс істеп, тәжірибе жинақтауына барлық жағдай жасалған.

 

Жәзира Мұқанова, «Алтын бесік» балабақшасының тәрбиешісі:

– Барлық жағдай жасалған. Интернет бар. Мультимедиялық тақта, түрлі жаңа әдістерді пайдаланып, балаларды оқытамыз.

 

Елбасы өз жолдауында оқушылар  сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдай алуы үшін 3 тілді білуі керек деген болатын. Аталмыш мектепке дейінгі білім беру мекемесінде ол нәтижелі жүзеге асырылуда. Балабақша жұмысымен танысқан вице- министр мектепке дейінгі тәрбие беру ошағының жұмысына оң бағасын берді.

 

Есенғазы Иманғалиев, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

-Осы балабақшада 3 тілділік жақсы жүзеге асырылуда. Бүгін оны көрдік. Инновациялық бастамалар да сәтті жүргізілуде.

 

Жалпы «Алтын бесік» балабақшасында 320 балғын тәрбие алады. Олардың 75-і өзге ұлт өкілдері.

 

Мағжан Ахмадина