Бизнес және экономика

Петропавлда заманауи «Қызылжар» тұрғын үй кешені тұрғызылады

 

 

«Казградстрой- НС» ЖШС-нің Петропавлдың құрылыс нарығында жүргеніне 10 жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында мекеме 7 көпқабатты баспананы көтеріп, «Айгөлек» балабақшасын қалпына келтіру жұмыстарымен айналысқан. Серіктестіктің өңірде салған алғашқы баспаналарының бірі – Айыртау көшесі бойында орналасқан 17-ші үй. 9 қабатты баспана 2007  жылы қолданысқа берілген. Сол уақыттан бері осындағы пәтерлердің бірінде Сергей Мухамедчин тұрып келеді. Үйіміз жылы, әрі жайлы дейді ол.

 

Сергей Мухамедчин,тұрғын:

-Пәтерім өзіме ұнайды. Көшіп келгенімде бөлмелер жоспарын өзіме лайықтап, шамалы өзгерттім. Баспананың әлі бірде-бір кемшілігін байқаған жоқпын. Жедел сатысы да ыңғайлы.

 

Ал бүгіндері серіктестік 3 бірдей жобаны қолға алып отыр. Олардың бірі Жамбыл көшесінің бойында орын тебетін «Қызыл Жар» тұрғын үй кешені. Құрылыс жұмыстары сәуір айында басталады. Ең алдымен 12 қабатты зәулім үй көтеріледі. Оның бірінші қабатында сауда орындары мен кеңселер жайғасса, өзгесінің бәрі 1,2,3 бөлмелі пәтерлерге бөлінеді. Ал осы баспананың екі жағынан қос 16 қабатты бизнес-сыныптық үйлер мен қарсы бөлігінде 9 қабатты баспана салынбақшы.

 

Александр Авдеев, «Казградстрой- НС» ЖШС бас директоры:

-Үй барлық талаптарға сай, заманауи стильде тұрғызылады. Эконом сыныпты баспана көпшіліке арналған. Пәтерлер кооперативке өткен тұрғындар арасында сатылады. Яғни, осы үйден пәтер алғысы келетін тұрғындар ақшаларын кооперативке өткізеді. Баспана үлескерлердің қаржысына тұрғызылады. «Казградстрой» компаниясы да сол үлескерлердің бірі. Өйткені біз жер телімін алдық және құрылысты жүргіземіз.

 

Баспаналы болуды армандайтын жерлестеріміздің қаржысын жинақтау үшін «Наш город» тұрғын үй құрылысы кооперативі құрылды. Оның салымшысы атану үшін таңдаған пәтер бағасының 3-тен бір бөлігін өтеу қажет. Бұл ұйымға алғашқы кезде өту әлдеқайда тиімдірек. Өйткені қазіргі уақытта болашақ пәтерлердің 1 шаршы метрі 120 мың теңгеге бағалануда. Сонда есептей беріңіз, 46 шаршы метрлік 1 бөлмелі үйді сіз су жаңа баспанадан 5,5 млн теңгеге сатып аласыз.

 

Оксана Беспятова, «Казградстрой- НС» ЖШС заңгерлік бөлімінің басшысы:

– Келісімшарт негізінде кооперативке мүшелікке өткеннен кейін тұрғындар пәтерді қалаған қабатта және өз жоспарына сай таңдай алады. Қанша бөлмелі пәтер алатындығына байланысты тұрғын соманың 3-тен бір бөлігін, кейін құрылыс аяқталғанша қалғанын өтейтін болады. Құрылыс қарқынды жүрген сайын, салымшы атанушылар үшін шаршы метрдің бағасы да өсе түспек. Егер бастапқыда 120 мың теңге болса, кейін шаршы метр, 10, 20, 30 мың теңгеге қымбаттап отырады.

 

Құрылыс барысында кооператив өкілдері тұрғындармен үнемі кездесіп отырмақшы. Әрине бұл үшін тәуекелге бару керек, бірақ компания қайтсе де құрылыс жұмыстарын аяқтауды көздеп отыр. Ал қаржыландыру болмай қалған жағдайда, кооперативке мүшелікке өткен жандардың үлестері қайтарылады. Жалпы кәсіпорын бұдан өзге де бірнеше жобаны қолға алған. Олардың бірі – Жамбыл көшесі бойындағы «Мечта» тұрғын үй кешенін салуды жалғастыру болып отыр.

 

Мағжан Ахмадина,тілші:

– Ежелден аймағымызды «ақ қайыңдар» өлкесі деп атайды. Сондықтан болар «Казградстрой- НС» ЖШС-нің 3-ші емхана маңында қолға алатын «Ақ қайыңдар» атты тұрғын үй кешені жасыл желекті кеспей, сол қалпында сақтап қалуға бағытталған. Өсіп тұрған ағаштар 540 пәтерлі баспаналарға сән келтіріп тұратын болады.Бұл компанияның жоспарда бар тағы бір тың жобасы болмақ.

Мағжан Ахмадина