ТЖ

Өңірде өрт оқиғаларының саны көбейді

 

Үстіміздегі жылы облыс көлемінде тіркелген өрт оқиғаларының саны былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 40 пайызға артып отыр. Қызыл жалын негізінен жеке сектордағы үйлерде орын алуда. Аяқ астынан келетін апаттарға қысқа әзірленбеген жарамсыз пешті шамадан тыс жағу, пәтерді жылытатын электр жабдықтарын назарсыз қалдыру, баспананың ескіруі мен онда тартылған сымдардың қысқа тұйықталуы себеп болып отыр. Осының нәтижесінде 2014 жылы 148 өрт тіркеліп, қызыл жалын 12 адамның өмірін қиды.

 

Асқат Ержанов, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы:

– Үстіміздегі жылғы қаңтардың соңы мен ақпан айының басында күннің күрт суытуына байланысты өрт оқиғалары жиі орын алды. 1 тәуліктің ішінде 10 апатқа дейін тіркеген күндер болды. Қызыл жалыннан жапа шеккендердің саны да артты. Сондықтан, сіздерге айтарымыз, үйдегі пешті жағар алдында бәрін алдын ала тексеріп алу қажет. Сонымен қатар электр сымдары, тұрмысқа пайдаланылатын электр жабдықтармен абай болу керек.

 

Облыс орталығында соңғы өрт оқиғасы қаңтардың 30-ы тіркелген болатын. Апат кезінде бүтін бір отбасы қызыл жалынның құрбаны болды. Жалпы, Петропавлда биыл 46 өрт оқиғасы орын алды. Одан келген материалдық шығын 6 млн теңге.Тілсіз жаудың кесірінен 7 адам қаза тапты, оның екеуі – бала.

 

Азамат Өрімбаев, қалалық ТЖБ басшысы:

– Былтырғы жылмен салыстырсақ, өрттен келген материалдық шығын артқан. Адам өлімі де өкінішке қарай, 2  жанға көбейді. Айтпай келетін апаттың 74 пайызы жеке сектордағы үйлерде орын алып отыр. Оған тұрғындардың немқұрайлығы себеп болуда.

 

Ақпанның 20-нан облыста өрт қауіпсіздігіне қатысты айлық бастау алады. Онда өрт сөндірушілер жеке сектордағы үй тұрғындарымен кездесіп, қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді.

 

Бану Ахметова