Қоғам

Этномәдени орталықтар өкілдерімен кездесу

 

 

“Бірлік түбі – береке” қағидасын берік ұстанатын біртұтас Тәуелсіз Қазақ елі келісімнің киелі бесігі, тұтастықтың құтты мекені. Еңсесі биік, босағасы берік, тұғырлы мемлекеттің басты құнды қазынасы – бірілігі жарасқан халық. Бір мүддеге ұйыған егеменді елдің татулығын көздің қарашығындай сақтап, баянды ету. Осыны көздеген Нұрсұлтан Назарбаев  кезекті жолдауында “Мәңгілік Ел” идеясын көтерді.

 

Елбасы Президент әкімшілігіне, Үкіметке, Қазақстан халқы Ассамблеясына бірлесіп “Мәңгілік Ел” патриоттық актісін әзірлеуді тапсырды. Бұл орайда соңғыларына артылатын жүк ауыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы – елімізді мекендеген ұлттар достығының алтын діңгегі іспеттес.

 

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Ассамблея әр ұлыстың ұйытқысы, санастықтың берекелі бекеті, этносаралық дамудың іргелі институты. Қоғамдық ұйымдағылардың тілдері мен діндері бөлек болғанымен мақсаттары бір – қуатты халық, шуақты ұлыс құру. Мемлекеттің игілігіне жарар елжанды ұрпақ тәрбиелеу.

 

Өңірлік өкілдік өткен жарты жылда ғана достықтың шырағын жағып, ауызбіршілікке үндейтін ірі деген 100-ге тарта шара ұйымдастырды. Бүгінде ауылдықтардың жүрек қалауы, ізгі тілегімен облыста көптеген этноорталықтар құрылды.

 

Евгений Хан, СҚО кәріс қауымдастығының төрағасы:

– Бүгінде облыстық Ассамблеяда 22 этно-мәдени орталық жұмыс істейді. Аудандарда тағы 93 бірлестік құрылған. 11 ұлттың өкілдерін қосқан жастар клубымыз бар. Ұлттық өркендеу мектебі жұмыс істейді. Бір сөзбен әр ұлт пен ұлыстың тілін, әдетғұрпын жоғалтпай жаңғыртудың бар жағдайлары жасалған.

 

Жиынды қорытындылаған Ералы Тоғжанов татулықтың қасиетін жоғары бағалайтын жиналған қауымға келер жылы Достық үйінің заманауи ғимараты салынатынын жеткізді.

 

Жеңіс Ермұқанов