Қоғам

Жұмысшылар “Нұр Отан” партиясынан көмек сұрады

 

 

Владимир Левко:

– Күнделікті таңғы сегізден келуді талап етеді. Айтуларынша осындай жағдай мамыр айына дейін жалғасуы мүмкін.

 

Бұл уақытта «Каспиан контракторс траст» ЖШС-нің қызметкерлері жұмыс басында болуы тиіс. Алайда, көлік ролін ұстаған машинистер мен эксковаторшылар “Нұр Отан” партиясының кеңесінен кетуге асықпайды.

 

Николай Мезенцев:

– Фирмада бізді ешкім тыңдағысы келмейді. Қандай да бір жауап беруден де жалтарады. Бәрі үнсіз отыр.

 

Жеке компаниядағы мұндай жағдай өткен жылдың желтоқсанынан жалғасуда. 120 шақты жұмысшы әлі күнге өздеріне тиесілі жалақыларын алмаған. Айтуларынша оларды күштеп ақысыз демалыстарға жіберуде. Несиелер мен осы уақытқа дейін жиналған қарызды өтейтін уақыт келіп қалды. Ал мұндағылардың бірде-біреуі әлі ақша көрген жоқ.

 

Серік Шәріпов, «Caspian contractors trust» ЖШС директоры:

– Тапсырыс беруші компанияның атауы өзгеріп жатыр. Бұрындары қоршаған ортаны қорғау министрлігі болса, қазіргі күні қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары Министрлігі болып өзгеруде. Сәйкесінше барлық құжаттар қайта дайындалуда. Осы аптада барлығын тәмамдап, қаржыландыруды бастаймыз.

 

Бұндай уәдені кәсіпорын басшысы осыдан бірнеше апта бұрын мемлекеттік еңбек инспекторларының көзінше берген болатын. Шенеуніктер фирма басшысының бұл әрекетіне шара қолдану мақсатында жұмысшылардың арыздарын қабылдады. Алайда, осы күнге дейін жағдай өзгеріссіз қалып отыр. Ендігі кезекте, бұл мәселемен нұротандықтар білек сыбана айналыспақшы.

 

Абай Қайсин, “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының қабылау бөлімінің меңгерушісі:

-Бірінші кезекте арызды қаржы полициясы мен прокуратураға жолдаймыз. Жалақы жөнінен әлеуметтік қорғау министрімен және тікелей басшыларымен сөйлесетін боламыз. Кейін істің нәтижесін жазбаша түрде арызданушыларға жолдаймыз.

 

Айлап еңбекақы көрмеген 5 жұмысшы осы күні өз еркімен қызметтен кеткен. Ал қалған жұмысшылар бар үміттерін прокуратураға артып отыр. Компанияның бас кеңсесі мен тапсырыс берушінің екеуі де Астана мен Алматы қалаларынан. Ендеше екі ортада тағы хат жіберіс пен жауап алыс басталмақ. Ал жұмысшылардың қай уақытта жалақыларына қол жеткізетіндері беймәлім.

 

Гүлмира Шоқтыбаев