Билік

“Кедергісіз келешек”

 

«Қазақстан жолы- 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында Елбасы Қазақстан мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз елге айналуы керек дегенді айтқан болатын. Сондықтан облысымыздың барлық аудан әкімдері, басқарма басшылары қатысқан жиынды ашқан өңір жетекшісі Самат Ескендіров мүгедектерді жұмыспен қамту, ақпараттандыру және құқықтарын қорғау салаларына көп көңіл бөлуді тапсырды. Бұл тұрғыда «Кедергісіз келекшек» атты жоба қолға алынған. Ол бойынша жұмыстар 4 бағытта жүргізілмек.

 

Самат Ескендіров, “Нұр Отан” партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

-Біріншіден, мүмкіндігі шектеулі жандарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету керек. Бүгіндері облысымызда жұмысқа жарамды 5 мыңнан аса мүгедек адам бар. Олардың 2000-ға жуығы еңбек етеді. Екіншіден, партия бұл азаматтардың кедергісіз жүріп-тұруына жағдай жасауды қолға алу қажет. Ол мекемелердің пандустармен және өзге де құралдармен жарақталуы. Жарымжан жандардың білім алу жағдайын да назардан тыс қалдырмаған жөн. Үшіншіден, халықты ақпараттандыру бойынша шараларды қолға алу шарт. Бизнес және қоғам өкілдері бұл жандардың тағдырына назар аударуы керек. Төртіншіден, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау.

 

Бүгіндері облысымызда 29 мыңнан  астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың көпшілігі техникалық құралдарға таңылған. Мүгедектерді оңалту жұмыстарына өткен жылы 243 млн теңгеден астам қаржы жұмсалыпты.

 

Асқар Сақыпкереев,СҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:

-Облыстық қазынадан бөлінген қаржыға өткен жылы 253 арба , 662 сурдотехникалық құрылғы мен санаторлық- емдеу орталықтарына 600 жолдама берілді. Протезді- ортопедиялық көмекпен 805 адам қамтылған.

 

Мүмкіндігі шектеулі жандардың білім алуы үш бағытта жүзеге асырылуда. Оның бірі үйде оқумен қамтылу болса, екіншісі мектеп жанынан арнайы сыныптар ашу болып отыр. Үшіншіден ол түзету интернаттарының жұмысы.Осы бағыттар бойынша өңірімізде 4500- ден астам бала білім алуда. Олардың 300-ден астамы үйде оқытылуда. Бұдан өзге жиында сөз алған Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нелли Кукушкина мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту кезінде де қиындықтар туындап жататындығын алға тартты.

 

Нелли Кукушкина,СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:

-Мегедектердің қандай салада жұмыс істейтіндігі жөнінде арнайы деректер базасы жоқ. Екіншіден жұмыс орындары алшақ орналасқан. Үшіншіден, нысандар мүмкіндігі шектеулі жандар жүріп-тұруға ыңғайлы етіп жасалмаған.

 

Осыған сәйкес өңір жетекшісі кембағал жандарды жұмыспен қамту бағытында барлық ведомстволар басшыларының жұмыла іске кірісуін тапсырды.

 

Самат Ескендіров, “Нұр Отан” партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– Кәсіпкерлер Елбасы жүктеген міндеттерді орындауға атсалысуы тиіс. Аудандарда да мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс орындары ашылуы қажет. Барлық деректер базасын көтеріп, жұмысқа қабілетті мүгедектерді еңбекке тарту керек. Өйткені шағын және орта бизнес бойынша көрсеткіштер жаман емес. Еңбекпен қамтуда да қиындықтар туындамайды деген ойдамын.

 

Жиын соңында өңір жектекшісі бірқатар басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

 

Самат Ескендіров, “Нұр Отан” партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына 25-ші ақпанға дейін әлеуметтік нысандардың мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімділігін қамтамасыз ету бойынша іс- шараларды жүргізу керек. Кәсіпкерлер палатасы мен атқарушы билік өкілдері, Петропавл және аудан жетекшілері мүгедектерді жұмыспен қамту бойынша шараларды қолға алуы керек. Ішкі саясат басқармасы «Кедергісіз келекшек» атты жоба жөнінде халықты ақпараттандыру жұмыстарын қарқынды жүзеге асыруы шарт.

 

Мағжан Ахмадина