Мәдениет

Петропавлдық өнерпаздар халықаралық байқауда 19 жүлде иемденді

 

Мына өнерлі жеткіншектердің барлығы домбыра сыныбында оқиды. Жақында олар Омбы қаласында өткен “Сибирь зажигает звезды” халықаралық байқауынан жүлдемен оралды. Төрт домбырашы да қазыларды таңқалдырыпты. Жарқын Ибраев домбыраға 5-сыныптан ден қойған. Еңбегі талай байқауларда бағаланыпты.

 

 

Жарқын Ибраев, Өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат оқушысы:

-Осындай конкурстарға барған сайын жеңіске деген талпынысым арта түседі. Менімен қатар 13-15 жас аралығындағылар жалғыз домбыра ғана емес, басқа домра, қыл қобыз сияқты инструменттер де болды. Қатысушылар өздерінің жасына сай аспаптарда өте жақсы ойнады. Сонда да мен орын аламын деп өзіме сеніп бардым.

 

Жарқынның тәлімгері Шайтас Айтбаева домбыра 2 ішекті болғанымен, оның қыр-сыры мол. Сондықтан, дарынды балалардың шығармашылық қабілеттерін үздіксіз жетілдіріп отыру үшін осындай дәстүрлі конкурстар Қазақстанның әр аумағында жиі өтіп тұрса дейді.

 

Шайтас Айтбаева, Өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат оқытушысы:

-Әділқазылар құрамында көп кітап шығарған профессор, академиктер, үлгілі ұстаздар отырды. Олардың барлығы Мәскеуден келген. Олардың алдына біздің балалар жақсы дайындықпен барды. Басқаларымен әр түрлі жанрда неше түрлі аспаптармен сынға түсті. Одан бөлек онда би ұжымдары, бүтін бір ансамбльдер өнерлерін ортаға салды.

 

Шайтас Айтбаеваның 2-ші шәкірті Абай Жұмажанов.   халықаралық жарысқа 1-ші рет қатысып, бірден Гран-при иегері атанды. Абай конкурстың талабы бойынша 10 минуттың ішінде 2 шығарманы фортопианоның сүйемелдеуімен шебер орындап, қазыларды таңдай қақтырған. Шын жүйріктен тұлпар туады деген осы. Оның бойындағы қабілеті атасының қанымен берілген. Әкесі мектепте домбырадан оқушыларға дәріс береді екен.

 

Абай Жұмажанов, Өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат студенті:

-Қазанғаптың “Торы жорға аттың бөгелек қағуы” деген күйін, сосын Малғаждар Әубәкіровтың “Жас екпін” деген екі бірдей шағарманы алма-кезек орындадым. Шыны керек, бұл конкурсқа кілең мықтылар барғандықтан мен жай бағымды сынап қатысып көрейін деп бардым.

 

Домбырашылардан өзге бұл сайысқа аталмыш білім ордасынан бас-аяғы 45 адам қатысқан. Олардың қатарында 9 адамнан құралған скрипкашылар ансамблі де болды. Олар да ең үздік деген 4 ұжыммен сайысқа түсіп, әлемге танымал Чайковский, Бетховен, Моцарт сынды композиторлардың шығармаларын шебер орындап, 2 орыннан көрінді.

Жалпы Омбы қаласындағы 3 күнге жалғасқан өнер додасына 8 бен 40 жас аралығындағы 1000-нан астам шын мықты қатысқан.

 

Берік Қасен