Ауыл шаруашылығы

Облыста мал шаруашылығы қалай дамуда

Агроөнеркәсіп кешенінің дамуы жайлы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серікбай Тұралинов баяндады. Өткен жылы аталған саладағы физикалық көлем индексі 111 пайызға жетіп, жалпы өнім көлемі 272,1 млрд. теңгені құраған. Соның ішінде, мал шаруашылығының үлесі – 74,2 млрд. теңге. Ағымдағы жылдың қаңтар айында өңірде 9 мың тоннадан астам ет пен 14 мың тоннадан артық сүт өндіріліп, 14,7 млн. дана жұмыртқа алынған. Алайда, кейбір аудандарда бұл жөнінен жоспар толығымен орындалмапты. Оған қоса, мал саны да азайған.

Осы тұста Айыртау ауданының әкімі Ағзам Тастеміров Самат Ескендіровтен біраз сын естіді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-В целом 27 млрд. тенге. Данные за 2012 год есть у меня. А в этом году 25,700. Плохо, что у вас в этом году ИФО низкое. 4 района не выполнили. И среди них ваш район есть.

 

Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін өсіру үшін ең алдымен өңірде фермерлік шаруашылықтарды дамытып, асыл тұқымды репродуктор мен бордақылау алаңдарын құру қажет екен. Өкінішке қарай, бұл жағы осал сияқты.

 

Серікбай Тұралинов, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

-Үш жылдың ішінде Айыртау, Ақжар және Аққайың аудандарында бірде-бір асыл тұқымды репродуктор құрылмаған және оны алдағы уақытта салу бойынша жоба да жоқ. Ал, бордақылау алаңдары Қызылжар мен Тайынша аудандарында ғана бар.

 

Самат Ескендіров мал шаруашылығын дамытуға немқұрайлы қарап отырған аудан әкімдері мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жұмысын сынға алды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Қызылжар ауданында – 2-еу, ал Тайынша ауданында 3 бордақылау алаңы бар. Қалғандары, тіпті, фермерлік шаруашылықтардың қажеттілігін түсінбейді. Жағдайды егжей-тегжейлі білмейсіздер. Сол себепті, тәртіпті күшейтуге тура келеді .

“Сыбаға” бағдарламасы бойынша “Қазагро” АҚ қаржысына 3 жылдың ішінде 11,7 мың бас мал сатып алынған. Осыған байланысты, әсіресе, Ақжар мен Ғ.Мүсірепов аудандарында атқарылған жұмыс жеткіліксіз. Ал, Аққайың ауданында, тіпті, “Сыбағаға” қатысуға өткен жылы еш өтініш түспеген. 2 сағатқа созылған отырыстың орта тұсында жиналыстың көрігі қыза түсті. Самат Ескендіров аудан әкімдерін бірінен соң бірін тұрғызып, мардымсыз жұмыстың себебін түсіндіруді талап етті. Осы орайда, өңір жетекшісі тапсырмаларды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Абдоллаевқа жеке жүктеді.

 

Самат Ескендіров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Жағдай мәз емес. Оянатын уақыттарыңыз болды ғой. Іске кірісіңіздер. Сандарды үсті-үстіне қосып жаза бергенше, жұмыс істемейсіздер ме. Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Абдоллаевқа барлығын егжей-тегжейлі баяндап отыруды тапсырамыз.

 

Аудан басшыларының тағы бір жіберген олқылығы, көбісі селолық округ әкімдерінің бірде-бір есептік кездесуіне бармаған. Әрине, ұятты жағдай. Осы тұста, сабақты себепсіз босатқан оқушылардай қаз-қатар тізілген әкімдер ақталуға тырысты. Олардың қатарында Айыртау, Ақжар, Аққайың аудандарының жетекшілері бар. Осы орайда, Самат Ескендіров, аудан атқамінерлерінен халықтың өміріне терең үңілуді талап етті.

 

Данаш Хамзина