Әр түрлі

Канаданың Қазақстандағы елшісі СҚО-ға келді

 

Өңіріміз тығыз қарым-қатынас орнатқан 60-тан артық елдердің бірі Канада. Өткен жылы екі тарап арасындағы   тауар айналымы 4,8 млн. АҚШ долларын құрапты. Негізінен аграрлық өңірге қажетті импорттық өнімдер. Көбіне жер емген шаруалардың сеніміне енген ауылшаруашылық техникасы сырттан тасымалданады.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Президент өзге елдердің транспорттық компанияларын өндірісті қазақ жерінде құруға шақырады. Біз астықты өлкеміз. Сондықтан осы төңіректегі әріптестікке қызығушылық   танытамыз. Сұраныстың болатынына сенімдіміз.

 

Самат Ескендіров әңгіме барысында бүгінде өлке агроқұрылымдарына Канададан 2-3 жыл бұрын жеткізілген асыл тұқымды ірі қара жақсы бейімделіп, төл беріп жатқандығын жеткізді. Байыппен таңдалған әріптестік облыстағы мал шаруашылығының әлеуетін арттыруға сеп болған.

 

Стефан Миллар, Канаданың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі:

– Біз қазір етті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту бағдарламасына қатысып жатырмыз. Бұл төңіректегі әріптестікті нығайта түсуге мүдделіміз. Әсіресе бұл жағынан СҚО әлеуеті зор.

 

Ынталы сөзден табысты іске көшу үшін алдағы уақытта канадалық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жергілікті ауыл еңбеккерлерімен жүздесуге ниетті. Кездесу алдағы наурыз айында Елордада өтетін “Агротэк” көрмесінен соң жоспарланып отыр.

 

Стефан Миллар, Канаданың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі:

– Бір айдан соң Астанаға ауыл шаруашылығымен айналысатын канадалық бизнесмендер келеді. 10 шақты ірі деген агроқұрылым өкілдері болады. Кейін міндетті түрде жұмыс сапарымен СҚО келеміз. Сол уақытта нақты келісімдер жасауды көздеп отырмыз.

 

Жеңіс Ермұқанов