Қоғам

Интернационалист-жауынгерлерге мерейтойлық медальдар табыс етілді

 

Ирина Щербаковская мен оның анасы үшін №40 орта мектептің қабырғалары тым ыстық. Өйткені нақ осы оқу ордасында олардың баласы, бауыры- Илья Клепальский оқыды. Жас өрен мектепті бітіргесін бірнеше айдан кейін, бірден әскер қатарына шақыртылып, ауған жеріне аттанған.

 

Ирина Щербаковская, Илья Клепальскийдің әпкесі:

-Ол бейбіт күнге дейін жетпеді. Қыршынынан қиылды. Бізге басында інімнің Ауғанстанға жіберілгенін айтпады. Ол не бары азат күнге екі ай қалғанда қаза тапты. Бауырым өте мейірімді, адал болатын. Айтқанына қайтпайтын қайсар еді.

 

Бүгіндері мектепте Илья Клепальскийге арналған мемориалды тақта орнатылған. Шараға жиналған оқушылар, ұстаздар қауымы, ауған соғысының ардагерлері осы тақтаға гүл шоқтарын қойып, Ауғанстанда қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Оқу ордасында білім алатын шәкірттер, ержүрек азаматтың нақ осы мектепте оқығандығын мақтан тұтады.

 

Зарина Оспанова, Д.М.Карбышев атындағы №40 орта мектеп оқушысы:

-Илья Клепальский жайлы біз көп естідік. Ол біздің мектепте оқыған. Арнайы тәрбие сағаттары, ашық сабақтар болғанда біз сол кісі жайлы қызықты мағлұмат естиміз. Оны мақтан тұтамыз.

 

Гүл шоқтарын қою рәсімі аяқталған соң, мектепте шағын концерт ұйымдастырылды. Сұрапыл жылдар жайлы арнайы бейнефильм көрсетіліп, ауған соғысына қатысқан 30 жауынгер- интернационалистке мерейтойлық медальдар табыс етілді. Төсбелгіге ие болғандардың қатарында осы оқу ордасының қабырғасында білім алған Леонид Баянов та бар.

 

Леонид Баянов,Ауған соғысының ардагері:

-Қазіргі күні оқушылардың бізге осындай құрмет көрсетіп жатқандығы әрине қуантады. Мен өзім осы мектепте білім алдым. Сондықтан жиі келіп тұрамын. Оқушылармен әңгімелесеміз. Жастардың тарихқа қызығушылығы басым, бұл қуантарлық жайт.

 

Кейін оқушылар назарына тарихи материалдар мен оқу-жаттығу қаруларының көрмесі ұсынылды.

 

Мағжан Ахмадина