Билік

Петропавл қаласының әкімі есеп беру науқанын аяқтады

 

 

2 сағатқа созылған Төлеген Закарияновтың есебінен ұққанымыз, мойынға мініп алудың қажеті жоқ. Өйткені, қит етсе әкімдікке жүгінетіндер көп көрінеді. Мәселен, күніне мұнда, егер асырып айтылмаған болса, кемінде 700 шағым түседі екен. Қаланың қазынасы түбі жоқ тұңғиық емес, мен оны оңтайлы әрі үнемді жұмсауым қажет. Соны түсінуге тырысыңыздар деді зал толы қауымға Төлеген Закариянов. Ол облыс орталығындағы білдей банктердің бірі ғимарат маңайындағы ескі үш ағашты кесіп беруді өтінгенде жағасын ұстағанын да жасырған жоқ. Қала басшысы мұны “тұтынушылық өзімшілдік” деп атады.

Биыл Петропавлда кемістігі бар балаларға арналған оңалту орталығын ашу жоспарланып отыр. Бүгінде қалада тұратын мүмкіндігі шектеулі 10 мың азаматтың 6 мыңы еңбекке жарамды. Оларды жұмыспен қамту мақсатында жуық арада бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылмақшы. Сондай-ақ, ағымдағы жылы автобус бағыттары мен жолаушы тасымалы қызметінің сапасы түпкілікті қарастырылады. Бұдан кейін Төлеген Закариянов жазбаша келіп түскен шағымдар мен ұсыныстарға тоқталды. Осылайша, ол хаттың бір жиырмасын оқып шықты. Не керек, одан әрі жиналыс қызықты өтті. 2 сағаттың қалай таусылғаны сезілген де жоқ. Төлеген Закариянов қарша бораған сұрақтарға қысқа да нұсқа, нақты әрі қажет болса, өткір жауап берді. Арасына аздап қалжыңын да қосты. Тұрғындардың біреуі Халыққа қызмет көрсету орталығының алдындағы некесін қиған жастардың у-шуы маза бермейді деп шағымданған.

Төлеген Закариянов жаңажылдық безендіруге кейбір азаматтардың немқұрайлықпен қарағандықтарын да айтып қалды. Шығынданып, сырттан кісі шақыртып, істеген мұз мүсіндер 2 апта өткен соң алба-жұлба болған екен.

Бұдан кейін сөз кезегі залда отырған тұрғындарға берілді.

 

Светлана Чеснокова, қала тұрғыны:

-Көзі нашар көретіндер үшін аялдамаларда автобустардың бағытын нақтырақ жазып, Теміржол вокзалы аумағына Петропавл қаласының картасы ілінсе екен деген тілегіміз бар.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

-Автобустардың бағыттары туралы тақтайша ілінеді. Ұсыныңызға рахмет.

 

Сондай-ақ, жиында қоқыс төгу жәшіктерінің жоқтығы да көтерілді.

 

Гүлмира Садықова, қала тұрғыны:

-Петров көшесі бойынша №40-шы мектептің жанындағы үйлерде қоқыс жәшіктері жоқ. Осыған, дейін тамыз айында олар болған еді. Бізге “Жолаушы СК” қызмет көрсеткен. Қазір олар бас тартып отыр.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының тұрғыны:

-“Жолаушы СК” кәсіпорны заңды тұлға ретінде жұмыс істемейді. Тілегіңіз қабылданды. Қоқыс жәшіктері бар. Дүйсенбі күні қойып береміз.

 

Қала әкімінің қорытынды есеп беру жиынында тұрғындар сигналды бағдаршамның уақытын ұзартуды, кәріздік жүйені жөндеуді, көшені абаттандыру мен жарықтандыруды сұрады.

 

Данаш Хамзина