Денсаулық сақтау

Кардиохирургияда шетелдердің озық тәжірибесі енгізілуде

 

Жуырда ғана төсек тартып жатқан Абай Шайменовтің беті бері қарады. Емін-еркін қозғалып, кардиотренажерларда жаттығу үстінде. Соңғы уақытта 57 жасар қызылжарлықтың жүрегі шаншып ауруды шығарыпты. Дәрігерлер қан айналымының нашарлағанын анықтаған. Дереу ота жасалмаса денесі сал болып қалуы ғажап емес еді.

Кардиологиялық орталықта сыр берген жүрек ақауын ерте бастан анықтауға ден қойылады. Терең диагностика жасайтын заманауи құрылғылар жеткілікті. Былтыр ғана 11 600 артық жерлесіміз тексеріліпті. Әрбіріне кәсіби медициналық көмек көрсетілген. Шағым жоқ. Дәрігерлер нақты диагноз қою үшін мынадай холтер аппаратының көмегіне жүгінеді. Ол науқастың денесіне бір тәулікке жалғанады екен. Бұл орайда ақ халатты абзал жандарға заманауи әдіс-тәсілдермен білімін толықтырып тұру маңызды.

 

Әсия Сейітқожина, Кардиологиялық орталықтың кардиолог дәрігері:

-2013 жылы 1 ай РФ Санкт Петербурск қаласында біліктілікті арттыру курстарынан өттім. Шеберлік сабақтары холтер аппаратымен науқастармен жұмыс жасау тақырыбына арналды. Ол құрылғы жүрек қан тамырлары ауруларын дәл анықтауға арналған. Бұрындары жасырын ишемияны білу мүмкін емес еді. Бізде ондай 4 аппарат бар. Былтыр олардың көмегімен 1150 науқастың кеселін дәл таптық.

 

Орталықтың рентгенэндоваскулярлы хирургі Дмитрий Те де былтыр шет елде тәжірибесін шыңдап қайтты. Жергілікті маман Австрияның астанасы Вена қаласында жүрекке жасалған бірқатар оталарға қатысыпты.

 

Дмитрий Тё, рентгенэндоваскулярлы хирургі:

-Рентгенэндоваскулярлы хирургия мен сәулелік диагностика бойынша тәжірибелік білімімді толықтырдым. Ондай оталар бізде де 5 жыл бұрын ендірілген. Хирург пышағы қажет емес, операция наркозсыз жасалады. Шағын ғана тесік жасалып артерияға катетр жіберіледі. Біз соңғы жылы ғана мыңнан артық осындай процедура жасадық. 520 адамға стенд қойылды.

 

Жалпы былтыр кардиологиялық орталықтың 46 дәрігері кәсіби біліктілігін арттырған.

 

Жеңіс Ермұқанов