Қоғам

Ауған соғысы ардагерлеріне музыкалық сыйлық

 

 

Кездесуді өткізуге солтүстікқазақстандық мүгедектер мұрындық болыпты.

 

Владислав Демьянов, СҚО әкімінің мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс бойынша кеңесшісі:

-Біз Ауған соғысына қатысқан жауынгерлерге арнап мерекелік кешті ұйымдастырып отырмыз. Шараның өскелең жас ұрпаққа берер тәрбиелік маңызы зор. Ардагерлер Ауған соғысында көрген қиыншылықтарын жас ұрпаққа айтып, ойларымен бөлісетін болады.

 

Ауған соғысына қатысқан жауынгердің бірі Александр Куркин. Ардагер көп сөйлегенді ұнатпайды, әсіресе соғыс жылдарын еске алғанды жаны қаламайды екен.

 

Александр Куркин, Ауған соғысының ардагері:

-Мен Ауғанстан жерінде талай оқиғаны бастан кешірдім. Біз Кабул қаласынан тасымалданатын жүк көліктерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты болдық. Майданның алғашқы күндері жауынгерлерге ешқандай жағдай жасалмады. Сөзбен айтып жеткізудің өзі қиын.

 

Кешке жиылғандар еліне оралмаған жауынгерлерге арнап бір минут үнсіздік жариялады.

Сұм соғыс артта қалды, тарих қойнауына енді. Алайда бейбіт күннің бүгінгі ұрпағы Ауған соғысына қатысқан жауынгерлерді ұмытқан емес.

 

Сәлімхан Сәбитов:

-15 ақпан Ауған жерінен Кеңес әскерінің шығарылғанына 25 жыл болды. Сол ардагерлерге арнап   облыс әкімінің кеңесшісі концерт ұйымдастырып жатыр. Бұл концертті қасымыздағы, қасымызда болмаған ардагерлерге арнаймыз.

 

Ардагерлерге кеш барысында жергілікті вокалды-инструменталды “Бриз” ансамблінің орындауымен концерттік бағдарлама ұсынылды.

 

Бақыт Сәдуақасов