Құқық қорғау органдары

Шетелдіктерді электрондық тіркеу жүйесі енгізілді

 

 

Николай Волбиленко – Ресей Федерациясының азаматы. Алайда Қазақстанда тұрып жатқанына 5 жыл болған. Өңірімізге денсаулығы сыр берген қарт анасын күтіп-бағу үшін келіпті. Шетелдіктерден мекенжайлық анықтама жиі талап етіледі. Биылдан олар бұл мемлекеттік қызметтің электрондық түрін пайдалануға құқылы. Ол үшін Николай қазір қалалық көші-қон полициясының қайта тіркеуінен өтіп жатыр.

 

Николай Волбиленко:

-Біз үшін анықтама берудің электрондық тәртібі енгізілгені қай жақтан алып қарамасақ та өте тиімді. Анам қартайды. Үнемі маңында болу керек. Құжаттарды жинауға көп уақыт керек. Толастамайтын кезекте көп тұрып қаласың. Жылдам қызмет, әрі тегін.

 

Қағазбастылық пен жол, уақыт машақатын шешетін жаңашылдық Гамид Джафаровты да қуантпай қоймады. Әзербайжан елінің тумасы облысымызға 7 жыл бұрын жұмыс бабымен келген. Содан бері №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде ұстаздық етіп жүр.

 

Гамид Джафаров, №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің мұғалімі:

– Бұрын мекенжайлық анықтама алу үшін жұмыстан жиі сұрануға тура келетін. Енді ешқайда бармай-ақ қызмет орнымда, не үйде отырып, қажетті істі тындыру мүмкіндігі жасалды. Қазақстан өз азаматтарымен қатар Республикада жүрген өзге елдің өкілдеріне қамқорлықпен қарайды. Бұған талай көз жеткіздім. Енді міне алтын уақытымызды үнемдейтін жаңашылдық қарастырылды.

 

Жаһандану дәуірінде еліміздің мемлекеттік қызметтер жүйесінде заманауи ақпараттық технологиялар барынша пайдаланылуда. Заңдастырылған құжатты алу үшін ғаламторға шығу жеткілікті. Онда электронды үкіметтің e.gov.kz веб- парағына тіркелу қажет. Портал үздіксіз 24 сағат бойы жұмыс істейді.

 

Медет Сағди, Петропавл қалалық ІІБ көші-қон полициясы бөлімінің басшысы:

– Бүгінде тіркеу кітапшалары қолданылмайды. Мекенжайлық анықтаманың электрондық нұсқасы қажет. Ол үшін қаламызда тұрып жатқан шетелдіктер бізге келіп, өзі жайлы ақпаратты беруі керек. Өйткені мекенжайлары ауысуы мүмкін. Бізге тек төлқұжаты мен тіркелген үй кітапшасы қажет. Мәліметті тексеріп, порталға енгіземіз.

 

Бүгінде облыс орталығында 3 мыңнан артық шетелдік тұрып жатыр. 95 пайызы РФ азаматтары. Елімізде мекендеудің жайлылығын еселей түсуге жасалған қадамға шетелдіктер ниет танытпайтын көрінеді. Бүгінде тек 400-зі ғана электрондық тізімге алыныпты.

 

Жеңіс Ермұқанов