Билік

Қызылжар ауданы әкімінің есеп беру науқаны аяқталды

 

 

Әміржан Тоқмұхамбетовтың Бескөл ауылында тұрып жатқанына 22 жылдан асыпты. Зейнеткер соңғы уақытта елді мекеніміз жаңа кейіпке енді. Өзгелерді алаңдатқан жол, су, жарық мәселесі шешілген дейді.

 

Әміржан Тоқмұхамбетов, Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

-Қағазбен жазылғаны болмасын. Бірінші жарты жыл өтті ме, біздің алдымызда есеп берсін.

 

Қызылжар ауданындағы 19 ауылдық округте 45 мыңнан астам тұрғын түтінін түтетіп отыр. Осы елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жайында бүгін Қызылжар ауданының әкімі Еркебұлан Кәменов Бескөл тұрғындары алдында соңғы есептік кездесуін өткізіп отыр. Атқарылған істерді тыңдауға келгендердің де қатары қалың. 2013 жылы ауданда ірі қараның саны 0,3 мың басқа артып, 15,6 мыңды құраған. Астық өнімділігі гектарына 16,9 центнерді құрап, шаруашылықтар 254 мың тонна бидай бастырды.

Тұрғын үй құрылысы да жақсы жолға қойылған.

 

Еркебұлан Кәменов, Қызылжар ауданының әкімі:

-2013 жылы 6007 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Алдағы уақытта “Қолжетімді баспана” бағдарламасы бойынша 2-3 үйді салуды жоспарлап отырмыз. Оның құрылысы келесі жылы басталады.

 

Ауыз су мәселесіне келетін болсақ, аталған ауданда 22 елді мекеннің тұрғындары тіршілік көзін тасымалдап ішіп отыр. 4 ауыл жерасты суын пайдаланады екен.

 

Еркебұлан Кәменов, Қызылжар ауданының әкімі:

– Биылғы жылы 7 елді мекенді сумен қамтамасыз ету жұмыстары басталады. Бұл бағытқа 715 млн теңге қарастырылып отыр. Аталған қаражатқа Знаменск, Новоникольск, Бугровое, Рассвет, Подгорное, Красная Горка, Приишимка, Водопроводное және Асанов ауылдарына тіршілік көзін тарту көзделген.

 

Елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайынан хабардар еткен әкім аудан бойынша қойылған 149 шағым мен ұсыныстар жәшігіне 25 сауалдың түскенін айтты. Бұл сұрақтарға алдағы уақытта жазбаша түрде жауап беремін деді.

 

Әсем Мусенова, Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Бүгінгі аудан әкімінің есебінде мені толғандырған “Дипломмен -ауылға” бағдарламасы. Менің сіңлім Петерфельдке мұғалім болып орналасқан. Бірақ тұрғын үймен қамтылған жоқ. Осы мәселені бүгін айттым. Әкім алдағы уақытта шешілетінін айтты.

 

Кейбір елді мекендерде таза ауыз су мәселесі түбегейлі шешімін таппаған. Сондай ауылдық округтің бірі – Архангелька.

 

Махмет Байбосынов, Архангелька ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

-Былтыр балалар алаңы салынды. Биыл спорттық нысан салынбақ. Шешілмеген таза су. Бірақ, «Ақ бұлақ» бағдарламасымен 2015-16 жылдары шешіледі.

 

Қызылжар ауданының әкімі осымен 20-шы есептік кездесуін өткізді. Барлығы тұрғындардан 186 шағым мен ұсыныстар түскен. Көбін алаңдатқан таза ауыз сумен қамту, жолды жөндеу, елді мекенді абаттандыру мен әлеуметтік жағдай. Еркебұлан Кәменов бұл мәселелердің барлығы алдағы уақытта шешілетініне уәде берді.

 

Бану Ахметова