Бизнес және экономика

Энергетика мәселелері бойынша консультациялық орталық

Татьяна Вансович энергетиктермен кездесуге екі бірдей сөмке арқалап кірді. Ішінде үш жыл бойы жиналып қалған құжаттар бар. Іскер азаматша кәсібінің іргесін кеңейтуге бел буғанына қашан. Сұраныс артқан соң, жанұялық қолдорбалар саудагері дүкеніне екі бөлме қосып алған. Алайда электр энергиясына қосыла алмай жүргеніне тура 36 ай болыпты.

 

Татяна Вансович, кәсіпкер:

– Тоқ көзіне 3 кВт жарық қосу керек. Энергетиктер ол үшін жер асты сымын тарту керек деді. Келісімге тұру қамында қаптаған құжат жидым. Бітпейтін жаңа заңдары шыға береді. Бір қағаздың өзін сан мәрте толықтырдым. Уақытым зая кетпесін деп жеке кәсіпкерлерге жүгінген едім қызметтеріне 1,5 млн. теңге сұрады. Ондай жоба қалтама ауыр тиеді. Қағаз машақатымен жүгірудің өзіне 300 мың теңгем кетті.

 

Татяна Вансовичтің кезекті өтінішін “СК РЭК” АҚ Президентінің көмекшісі қабылдады. Бұйымтайын мұқият тыңдап, құжаттарын зерделеп шықты. Бұл жолы қағаздардың толтырылуында мін табылмады. Евгений Политкин мәселенің бір ай ішінде шешімін табатынын жеткізді. Нысан маңайдағы ортақ трансформаторға қосылады. Бір ғажабы қажет болған қосымша қуат көлемі жекелей желі тартуды талап етпейтіндігі осы кездесуде анықталып отыр. “Партнер авто” серіктестігінде де осы тектес мәселе бар. Тек жылу желілерінің қызметіне қатысты.

 

Болат Рахимов, “Партнер авто” ЖШС директоры:

-Жылу энергиясын тұтынатын нысандардың техникалық дайындығы жөніндегі актіні ала алмай қойдық. Желтоқсанның 6-сы күні бар құжаттарды тапсырған болатынбыз. Бір айдың ішінде дайын болуы тиіс еді. Осының салдарынан біраз қиындыққа тірелдік. Энергетиктер бекіткен ережелерді өздері бұзады. Кейін бізге талап қойғаны дұрыс емес қой.

 

Көзбе-көз кездескен энергетиктер кінә бізден емес, өздеріңнен дегенді алға тартты. Сөздерінің шындыққа жанасатындығын шағымданушыға заң жүзінде түсіндіріп берді.

 

Александр Захарьян, «Петропавл Жылу Желілері» ЖШС бас инженері:

– Актіні қабылдамағанымыз – ондағы кейбір техникалық талаптар ескерілмеген. Олқылықтың орны толтырылған соң мәселе шешімін табады.

 

Кәсіпкерлер палатасының облыстық өкілдігіне кәсіпкерлер тарапынан энергетиктерге қатысты шағым көптеп түседі. Сондықтан палата жанынан елімізде алғаш болып кеңес беру орталығы құрылды. Оның шарапатын бүгінде 10-шақты өңір бизнесмені татыпты.

 

Жеңіс Ермұқанов