Спорт

Ауыл хоккейшілері қысқы спартакиаданың іріктеу кезеңінде

 

«Солтүстік мерекесі» атты жарыстарды өткізу өңіріміз үшін дәстүрге айналған. Сондықтан сайыс бағдарламасы да ауқымды. Допты хоккей, шорт-трек, шаңғы жарысы және алғаш рет осы жылы футзал қосылыпты. Әзірге топтық жарыстар өтуде. Алайда ақпан айының соңы мен наурыздың бас кезінде үздік атанған 4 құрама финалда күш сынастырады. Жарыс Пресновкада өтеді.

 

Владимир Щербинин, жоғарғы санатты төреші, спорт ардагері:

– Соңғы кездері өңіріміздегі допты хоккей спортының деңгейі өсті. Ойыншылардың тәжірбиелері жақсарып келеді. Әрине мұндай сындар қаламызда ғана емес аудандарда да өтіп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Алайда оған сапалы алаңдар жетіспейді.

 

Допты хоккейден біріншіліктің көшбасшы құрамасы- тайыншалықтар қазір алғашқы кездесулерін өткізуге дайындық үстінде. Былтыр нақ осы спорт түрінен олар алдына жан салмаған құрама, биыл да сол биіктен көрінуге дәмелі.

 

Шынболат Тәжмиев, жарысқа қатысушы, Тайынша ауданы:

-Қарсыластарымыз тағы сол бескөлдіктер мен аққайыңдықтар болатын шығар. Бірақ қазір Есіл ауданы спортшыларының деңгейі өскенін байқадық. Біз де жақсы дайындалып келдік.

 

Жарысқа қатысушылар арасында алғаш рет бақтарын сынап жатқандар да бар. Жоғары бәсекелестікке қарамастан, олардың көпшілігі финалдық ойындарға жетуді көздеп отыр.

 

Құдайберген Мұхамеджанов, жарысқа қатысушы, Ақжар ауданы

-Біз осындай жарыстарға бірінші рет қатысып тұрмыз. Допты хоккейге алғаш рет қатысып отырмыз. Сәттілік тілеймін.

 

Ендігі аптада спортшылар коньки жарысы мен биатлоннан бақтарын сынайтын болады.

 

Мағжан Ахмадина