Бизнес және экономика

Жомарт Қажырақымов елдің қаржы жүйесі тұрақты деген пікірде

 

 

Облыстық “Қазақстан-Петропавл” арнасының студиясында бүгін кезекті брифинг. Тек, бұл жолы журналистердің алдына аудан әкімдері емес, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы мен монополияға қарсы инспекция басшылары келіп отыр. Екі мемлекеттік орган жетекшісінің басын бір брифингте тоғыстарған өзекті мәселе – осы апта бойы қоғамды алаңдатқан девальвация жайы. Облыстық басқарма өкілдері осы күні әлеуметтік маңызды азық-түлік бағасын қатаң бақылауға алса, монополияға қарсы инспекцияның бағаны негізсіз көтерген, өзара келісімге тұрған кәсіпкерлерді жазалауға қауқары бар. Алдымен, брифинг ұйымдастырушылар алаңдауға еш негіз жоқ, бүгінде облыстағы жағдай тұрақты екенін жеткізді.

 

Алмас Хасенов, СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

 

-Бұл жоспарланған қаржылық шара болатын. Теңге құнын түсіру экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды қолдау бағытында жүзеге асты. Бұлайша әрекет етуіміз тікелей отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Ал өңірдегі жағдайға келетін болсақ, екі күннің қорытындысы бойынша баға тұрақты. Жанар-жағар май бекеттерінде де мұнай өнімдері бұрынғы тәртіпте өткізілуде. Жанар майдың 30-40 күнге жететін қоры бар.

 

Басқарма басшысы, ендігі кезекте, жергілікті тауар өндірушілер ұсынып отырған азық-түлікке басымдық беру керектігін айтып отыр. Сауда сөрелеріне шығарылатын ет пен оның өнімдері, нан, сүт өнімдерінің барлығы жергілікті жерде-ақ, облыс көлмінде дайындалады. Бұл өндіріс шеңберіне доллардың еш қатысы жоқ, сондықтан, тұрғындарды апта сайын ұйымдастырылатын жәрмеңкелерге шақыруда.

 

 

Алмас Хасенов, СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

-Жәрмеңкеге барып, ет алдық, 900 теңгеден. Кейде сөрелер азыққа толып тұрады, оны ешкім алмай жатады. Сондықтан, барша тұрғындарды жәрмеңкеге баруға шақырамын.

 

Дегенмен, қауырт жағдайды пайдаланып, онсыз да шығындалған тұрғындардың қалтасын қаққанды құп көрген кәсіпкерлер де баршылық. Осыған дейін сатып алған тауарларының бағасын доллар айырымы арта салысымен, шарықтатқандардың ісін монополияға қарсы инспекция қолға алып отыр.

 

Арман Өтегенов, СҚО бойынша монополияға қарсы инспекцияның басшысы:

-Монополияға қарсы инспекция барлық негізсіз баға өсіру фактілерін есепке алып, тексеру жүргізетін болады. Заңнамаға қайшы әрекет ету анықталған жағдайда қатаң шаралар қолға алынатынын ескерткіміз келеді. Егер, өзінің доминанттық жағдайын пайдаланатын кәсіпорындар болса немесе, бір-бірімен келісіп бағаны шарықтатқан кәсіпкерлерді анықтаған жағдайда, олардың табысы тәркіленіп, бар пайдасының 10 пайызына дейін айып тағайындалуы мүмкін. Тіпті, ірі көлемдегі сома болса, қылмыстық іс ретінде да қарауға барамыз.

 

Тілшілер қауымы азық-түлік бағасының қай уақытқа дейін бақылауда болатынын, экспортқа бағытталған кәсіпорындар табысқа кенелсе, халықтың бұл шарадан не ұтқанын сұрап білмек болды. Осы күннің өзінен құрылыс материалдарының, ұялы телефондар мен өзге де техниканың құнын шарықтатып жіберген қаладағы бірқатар дүкендерге қатысты сауал да жолданды.

 

Арман Өтегенов, СҚО бойынша монополияға қарсы инспекцияның басшысы:

-Техника сататын ірі сауда нүктелерінің бас кеңселері Алматы қаласында орналасқан. Сондықтан, жергілікті жерде олардың бөлімшелері бағаны жоғарылатқанымен, істі Алматы қаласындағы монополияға қарсы инспекция жүргізеді. Бірақ, қалай дегенде де, осы күнге дейін қолда бар тауардың құнын соңғы жағдайларға байланысты 20 пайызға арттырып жіберу заңсыз әрекет. Бұл бағытта тиісті шараларды қолға аламыз.

 

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің доллар-теңге, өзге де валюта айырымына қатысты сауалдарына Ұлттық банк облыстық филиалының директоры Жомарт Қажырақымов жауап берді. Ақпанның 13-іне ұлттық банк белгілеген доллар бағамы 184 және 186 теңге. Еуро 252 де 253,5 болса, 1 рубль 5 теңге 21 тиынға сатып алынып, 5 теңге 70 тиыннан босатылуда.

 

Жомарт Қажырақымов, Ұлттық банк филиалының директоры:

-Қазіргі уақытта валюта айырбастауда айтарлықтай дүрлігу жоқ. Екінші деңгейлі банктерде доллар қоры жеткілікті. Өткен тәуліктегі ақпаратқа сүйенсек, банктер 600 мың ақш долларын сатып, 1 млн-ын сатып алған. Халық керісінше, долларды сатып жатыр. Валюта қоры облыста жеткілікті мөлшерде.

 

БАҚ өкілдері шетелдік валютамен несие, ипотека алған отандастарымыздың осы уақытта қиын жағдайға тап болғанын да сөз етті.

Жергілікті банк филиалдарының арасында да жағдайды пайдаланып, ақша айырбасынан пайда көруді көздегендер бар болып шықты. Ақпанның 11-інде қаладағы бірнеше банк филиалы доллар айырбасының ара-қатынасын 20-30 теңгеге дейін жеткізген. Заң бойынша, бұл меже долларға 2, Еуро үшін 3 теңгеден көп болмауы тиіс. Ал алғашқы күні доллар 165 теңгеден қабылданып, 190 теңгеден сатылған жәйттер тіркелді. Ұлттық банк өкілдері бұл бағытта жоспардан тыс тексерістер өткізіп, кейін нәтижелерін жария етпек. Брифинг соңында Жомарт Қажырақымов теңге доллар айырымы өскенімен, инфляция 6-7 пайыз деңгейінде сақталады деп атап өтті. Бұндай шарадан соң, еліміздің жалпы ішкі өнімінің бірнеше пайызға өсуі күтілуде.

 

Гүлмира Шоқтыбаева