Спорт

Петропавлда кикбокстан ел чемпионаты жалауын көтерді

 

 

Республикалық деңгейде өтіп жатқан жарыста өз күштерін сынап көруге Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Солтүстік өңірдің спортшылары жиылды. Барлығы 90 кикбоксшы. Тартысты доданың қатысушыларына өңір жетекшісінің атынан оның орынбасары Фархад Қуанғанов сәттілік тіледі.

 

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Сіздерді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Самат Ескендіровтың атынан Ауған жерінен кеңес әскерінің шығарылғанына 25 жыл толуына арналған “Солтүстік Қазақстан кубогы” кикбоксингтан республикалық турнирдің ашылуымен құттықтаймын.

 

Бап пен бақ қатар жүретін жерде тек өз күшіңе ғана сенуге болады. Өйткені, жарыста қарсыластың соққысына төтеп беріп қана қоймай, оны жеңген спортшы ғана ел құрамасына кіріп, әрі қарай сайыстарға қатысуға мүмкіндік алады.

 

Сабыржан Сақтағанов, жарыстың бас төрешісі:

– Сыннан сүрінбегендер наурыз айында Қызылордада өтетін ҚР чемпионатына қатысады. Онда Азия чемпионатына іріктеу өтеді. Ал, дүбірлі додаға кімдердің жолдама алатынын бүгінгі жарыс шешпек.

 

Рингке бірінші болып жерлесіміз Никита Сипягин мен оның қарсыласы атыраулық Тоқтарбек Шакиев шықты. Қобалжуларын лезде басқан спортшылар бірден алма-кезек соққыларға басты. Жерлесіміз Никита берілген 3 раундтың алғашқысында-ақ қарсыласын нокаудпен жеңді.

Никита Сипягин, жарысқа қатысушы:

– Жекпе-жек жақсы өтті. Бірінші раундта қарсыласымның бауыры тұсынан соққы жасап, нокаутпен құлаттым. Дегенмен оның жеңіске жетуге мүмкіндігі болды. Ал, ертең мен ақтаулықпен жекпе-жекке шығамын. Онда да бағым жанатынына сенімдімін.

 

Аталған турнир ақпанның 15-іне дейін жалғаспақ.

 

Бану Ахметова